«Барни» үшін соққыға жығылған Мадинаның мәйітін қайта қазып алды
Марқұмның туыстары қайта тексеру жүргізуді талап еткен
Алматы облысында 19 жастағы Мәдина Рашидқызының денесі қабірден қайта қазылып алынды. Оның өліміне қатысты іс бойынша қайта сот-медициналық сараптама тағайындалды. Бұл туралы оқиға орнынан репортаж дайындаған блогер Жан Ахмадиев мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның айтуынша, зиратқа полиция қызметкерлері мен тиісті мамандар келген. Бұған дейін блогер қыздың өліміне қатысты мән-жайларды көтеріп, алғашқы сараптаманың қорытындысына күмән келтірген болатын. Ол істі қайта зерттеуді талап еткен.
«Қазір Алматыдан алыс емес жерде, небәрі 19 жасында өмірден өткен қарындасымыз Мәдинаның қабірінің жанында тұрмыз. Оның жұмбақ өліміне қатысты мәселені бірнеше рет көтердік. Алғашқы сот-медициналық сараптаманың қорытындысына күмәнданып, қайта сараптама жүргізуді талап еттік. Бүгін полиция қызметкерлері мен тиісті мамандардың қатысуымен оның денесін қабірден қайта қазып аламыз», – деді Жан Ахмадиев.
Блогер қабірді ашу қазақы дәстүр тұрғысынан ауыр қадам екенін атап өтті. Алайда оның сөзінше, қыздың өлімінің себебін анықтау үшін осындай шешім қабылдауға тура келген. Мәдинаның артында сегіз айлық сәбиі қалды.
Ахмадиев өздері жариялаған кадрларда қыздың денесінен соққы іздері мен бұрыннан қалған жарақаттар байқалатынын да айтты. Олардың қалай пайда болғанын және өліммен байланысы бар-жоғын сараптама анықтауға тиіс.
«Ол небәрі 19 жаста еді, артында сегіз айлық сәбиі қалды. Біз ешкімді алдын ала айыптағымыз келмейді. Бірақ Мәдинаның өліміне қатысты шындық толық ашылуы керек. Оны өмірге қайтара алмаймыз, алайда шындықтың көмулі қалуына жол бермеуіміз керек. Біз бұл істі соңына дейін бақылауда ұстаймыз. Әділдік үшін күрес жалғасады», – деді Ахмадиев.
Қайта тағайындалған сот-медициналық сараптаманың қорытындысы әзірге жарияланған жоқ. Тергеу жалғасып жатыр.
Еске салайық, бұған дейін Жамбыл облысында 19 жастағы Мәдина Рашидқызының қайтыс болғаны хабарланды. Полиция өзіне-өзі қол жұмсауға дейін жеткізу бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған.