Олар осы жоспары үшін дропперлердің атына ашылған 22 банк картасын пайдаланған
Ақтөбе облысында қылмыстық топ есірткі сататын интернет-дүкен үшін төлем қабылдап, ақша аударумен айналысып келген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, Ақтөбе қаласының тұрғыны әлеуметтік желі арқылы ақша айырбастайтын топ ашып, оған жеті танысын тартқан. Олар міндеттерді өзара бөлісіп, күндізгі және түнгі ауысыммен жұмыс істеген. Осылайша тәулік бойы төлем қабылдап, ақша аударумен айналысып жүрген.
Интернет-дүкен операторлары тапсырыс құнын төлеу үшін клиенттерін осы топқа бағыттап отырған. Ал төлем расталғаннан кейін оларға есірткі жасырылған орындардың қайда екені көрсетілген.
«Ақша айырбастаумен айналысқан топ күніне 50-70 аралығында төлем қабылдап отырған. Олар осы мақсатта дропперлердің атына ашылған 22 банк картасын пайдаланған. Ары қарай түскен ақшаны криптовалютаға айырбастап, есірткі саудасын басқаратын адамдардың криптоәмияндарына аударып отырған. Оның жалпы көлемі 918 мың USDT-ден асқан. Ал бұл – 400 млн теңгеден астам ақша», – делінген ҚМА хабарламасында.
Қылмыстық істі ұйымдастырған адам қамауға алынды. Қазір тергеу жүріп жатыр. Агенттік Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабы бойынша өзге мәліметтерді жария еткен жоқ.