Ақмола облысында тасжолда бірнеше көлік соқтығысып, үш адам қаза тапты

Қылмыстық іс қозғалды. Ақкөлден Щучинскіге дейінгі тасжол учаскесінде көлік қозғалысы уақытша шектелді

Ақмола облысында тасжолда бірнеше көлік соқтығысып, үш адам қаза тапты
Фото: istockphoto.com

Ақмола облысында 1 қарашада Астана – Петропавл тасжолында үш адамның өмірін қиған жаппай жол апаты болды. Оқиға салдарынан бірнеше адам зардап шекті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy 

Ақмола облыстық полиция департаментінің мәліметінше, жол апатынан екі адам оқиға орнында, тағы біреуі кейін ауруханада көз жұмған. Зардап шеккендер де бар.

«Оқиға орнында полиция қызметкерлері жұмыс істеп жатыр. Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары қабылданып жатыр», – деп мәлімдеді полиция.

Жол-көлік оқиғасы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сотқа дейінгі тергеу аясында полицейлер апаттың мән-жайын анықтап жатыр.

Ақкөлден Щучинскіге дейінгі тасжол учаскесінде көлік қозғалысы әзірге жабық.

«Жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, жол және ауа райы жағдайын ескере отырып, қауіпсіз жылдамдық таңдауға шақырамыз. Арақашықтықты сақтап, көлік тізгінінде барынша мұқият болыңыздар», – деп ескертті полиция департаменті.

Nayza Kokshe парақшасының мәліметінше, Біржан сал ауданына қарасты Қоғам ауылының маңында төрт көлік соқтығысқан.