Қостанайда КамАЗ сегіз жастағы баланы қағып кетті (ВИДЕО)

Жергілікті тұрғындар апат болған қиылысқа бағдаршам орнатуды көптен бері сұрап келеді

Қостанайда КамАЗ сегіз жастағы баланы қағып кетті (ВИДЕО)
Фото: istockphoto.com

Қостанайда 31 қазанда КамАЗ жүк көлігі сегіз жастағы баланы қағып кетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Наша газета» басылымына сілтеме жасап.

Өңірлік полиция департаментінің мәліметінше, бала велосипедпен жаяу жүргіншілер өткелінен өтіп бара жатқан. Осы сәтте жүк көлігімен соқтығысқан. Жарақат алған бала балалар облыстық ауруханасына жеткізілді. Оның қазіргі жағдайы туралы әзірге ақпарат жоқ.

«Полиция тексеру жүргізіп, оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр. Тексеру нәтижесі бойынша процестік шешім қабылданады», – деп мәлімдеді полиция.

Жол апатынан кейін редакцияға Қобыланды батыр көшесінің маңында тұратын тұрғын хабарласқан. Оның айтуынша, жергілікті тұрғындар бұған дейін де жаяу жүргіншілер өткелінің қауіпсіздігін арттыруды сұраған.

Әйелдің сөзінше, бұл өткелді саяжайларда тұратын балалар да, жақын маңдағы №22 мектепке баратын оқушылар да, кішкентай балаларымен жүретін ата-аналар да пайдаланады. Мұнда көлік қозғалысы өте қарқынды, ал көшедегі жарықтандыру жеткіліксіз. Сондай-ақ оның айтуынша, бұған дейін де осы көшеде жаяу жүргіншілерді көлік қағып кеткен жағдайлар болған.