$ 498.34  519.72  4.85
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
11.08.2020, 09:46
Оқиғалар

СҚО-да 20 күнде карантин талабын бұзудың 700 фактісі тіркелді

Олардың қатарында оқшаулану жөніндегі хаттамаға қол қойған, коронавирустың симтомсыз түріне шалдыққан науқастар да бар

СҚО-да 20 күнде карантин талабын бұзудың 700 фактісі тіркелді

Солтүстік Қазақстанда карантин талаптарын елемейтіндер көп. 20 күн ішінде 757 тәртіп бұзу фактісі тіркелді. Олардың қатарында оқшаулану жөніндегі хаттамаға қол қойып, өздері қоғамдық орындар мен көше кезіп жүретін коронавирустың симтомсыз түріне шалдыққан науқастар да бар, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

СҚО-да карантиндік шектеулердің сақталуын 20 шілдеде құрылған санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды сақтау және мониторинг жүргізу жөніндегі жұмыс топтары бақылайды. Оның құрамында әкімдік, прокуратура, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау өкілдерімен бірге облыстық полицияның қызметкерлері бар. Жұмыс мақсаты – пандемия кезеңінде халықты қауіпті індеттен қорғау және карантиндік режимнің бұзушылықтарын анықтау.

Індет жұқтыру қаупі жоғары болғандықтан, адамдар жаппай жиналатын орындар тексерушілердің басты назарына алынды. Бірінші кезекте дүкендер тексерілді. Өкінішке қарай, сауда орындарының иелері мен қызметкерлері бәрі бірдей тұтынушылардың қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарамайды. Әлеуметтік қашықтық сақталмауымен қатар, олар маска тағу режимінің сақталуын және санитайзерлерді пайдалану мүмкіндігін қамтамасыз етпейді және қолғап кию қажеттігін елемейді.

30 күннің ішінде облыста осындай 200-ден астам карантиндік тәртіпбұзушылық анықталды. Тыйымға қарамай жұмыс істеп тұрған 24 дәмхана да анықталды, тағы 7 факт демалыс базаларында болған. Ең өрескел тәртіпбұзушылықтар қатарында – клиенттердің арасында әлеуметтік арақашықтықты сақтамау жиі болады. Демалыс күндері карантин күшейтілген уақытта қызметін тоқтатуға міндетті демалыс базалары екі рет жұмыс істеген.

 Мониторингтік топ жұмысының басты бағыттарының бірі – үй карантинінің сақталуын тексеру. Симптомдары жоқ науқастармен байланыста болған тұлғалар өз бетімен оқшаулану міндеттемесіне қол қояды, дей тұрғанымен, 20 шілдеден бері бұл міндеттемені 21 адам бұзған.

«Облыстың бас санитарлық дәрігерінің қаулысымен қабылданған шектеулер індет жұқтыру қаупін төмендетуге бағытталған. Өкінішке қарай, басқа облыстарда болып жатқан жағдайдан кейбір солтүстікқазақстандықтар өздеріне ой түймеген. Адамдар маска тағу режимін елемейді, кейбір кәсіпкерлер олжа табу үшін тыйымдарға көз жұмып, келушілердің өмірі мен денсаулығын қауіпке тігеді», - деді СҚО ПД бастығының бірінші орынбасары полиция полковнигі Қанат Айтбаев.

Ведомство өкілі полицейлер аса қажеттілік туындамаса, айыппұл жазасына жүгінбеуге тырысатынын жеткізді.

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО

Серіктес жаңалықтары