Ауыл тұрғындары телефонмен табыс табуды үйренуі керек: Тоқаев маңызды мәлімдеме жасады
Президент жасанды интеллектіге негізделген цифрлық экономика құруды тапсырды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл тұрғындары қолындағы смартфонды тиімді пайдаланып, табыс таба білуі керек екенін айтты. Оның сөзінше, азаматтардың мүмкіндігі қай жерде тұратынына байланысты болмауы тиіс, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Ауылда немесе қалада тұратынына қарамастан, азаматтарымыз смартфонды заңды табыс табудың құралы ретінде пайдалануды үйренуі қажет. Кәсіпкерлікті қолдаудың қолданыстағы мемлекеттік шараларын жекеменшік маркетплейстердің, банктердің, логистикалық компаниялар мен цифрлық сервистердің мүмкіндіктерімен ұштастыру керек. Несие беру мен субсидиялаумен шектелмей, тауар өндіруге және оны өткізуге мүмкіндік беретін қосымша цифрлық құралдарды енгізу қажет», - деді ол.
Мемлекет басшысы осы мақсатта келесі жылы Үкіметке бизнес өкілдерімен бірлесіп, бірқатар өңірде цифрлық даму бойынша пилоттық жобаларды іске қосуды тапсырды.
«Бұл жобалар ауылдағы тауар өндірушілерге өз өнімдерін өткізуге көмектеседі. Тиімді тәжірибелерді кейін барлық өңірге тарату қажет. Активтерді токенизациялау, яғни оларды цифрлық ортаға көшіру мүмкіндіктерін толық пайдалану керек. Бұл азаматтарға компаниялар мен түрлі нысандардың ортақ иесі болуға, ал кәсіпкерлерге артық делдалсыз тікелей капитал тартуға мүмкіндік береді. Халықтық цифрлық экономиканы қалыптастырудың стратегиялық мақсаты – заманауи технологиялардың мүмкіндіктерін әрбір азаматтың әл-ауқатын арттыруға пайдалану», - деп атап өтті ол.
Мемлекет басшысы жасанды интеллектіге негізделген цифрлық экономика құру керегін айтты.
«Биыл Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында біз озық әрі технологиялық тұрғыдан дамыған мемлекет құру ісіне серпін бердік. Енді бұл жұмысты әрі қарай жүйелі жалғастырып, жасанды интеллектіге негізделген цифрлық экономика құруымыз қажет. Үкімет, ұлттық компаниялар, креативті индустрия секторы осы үдеріске белсенді атсалысуға тиіс. Бұл – жаңа дәуірдің талаптарына толық сай келетін аса маңызды жалпыұлттық міндет. Болашақтың экономикасын құру үшін таптаурын түсініктер мен ескірген тәсілдерден біржола арылуымыз қажет. Қоғам дамуының мүлде жаңа негізін қалыптастыруымыз керек. Шын мәнінде, мұны озық технологиялар заманында өскелең ұрпақтың лайықты өмір сүруіне жол ашатын ұзақ мерзімге арналған жалпыұлттық миссия деуге болады. Цифрлық дәуір қаншалықты күрделі, қиын, тіпті қауіп-қатерге толы болса да, біздің мақсат-мұратымыз өзгермейді. Бұл – жаңа тұрпатты мемлекет құру, жаңғыру мен жаңару жолынан айнымау», - деді ол.