Павлодарда төрт оқушы белгісіз заттан уланып қалды
Сабақтан кейін төрт оқушының жағдайы нашарлап, дәрігерлерге жүгінген
Павлодарда төрт оқушы белгісіз заттан уланып қалды. Қаладағы мектептердің бірінде өткір иісті таблеткалар табылған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Сабақтан кейін төрт оқушының жағдайы нашарлаған, дәрігерлер олардың жағдайын қанағаттанарлық деп бағалады.
«Павлодар-онлайн» басылымының мәліметінше, оқиға 12 қазанда қаладағы мектептердің бірінде болған.
«Оқу кабинетінен өткір иісі бар таблеткалар табылды. Сабақтан кейін төрт оқушы өзін жайсыз сезінген. Тексеру нәтижесінде олардың жағдайы қанағаттанарлық деп бағаланды», – деп мәлімдеді Павлодар қаласының білім беру бөлімі.
Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 12 қазанда Павлодар облыстық балалар ауруханасына 2014 және 2015 жылы туған үш бала улану белгілерімен жүгінген. Кезекші педиатр тексергеннен кейін балалар амбулаториялық бақылауға жіберілген.
Білім беру бөлімінің хабарлауынша, мектеп әкімшілігі ішкі тексеру жүргізген. Оның қорытындысы бойынша жауапты қызметкерлерге тәртіптік шаралар қолданылған.