«Бұндай оқиға Қазақстанның Ұлттық ұланында бұрын-соңды болмаған»: кинолог бойжеткен Чарли есімді күшігін көрсетті

Аружан Жүнісова әскери қызметке дейін екі жыл әлеуметтік бейімдеу орталығында жұмыс істеген

«Бұндай оқиға Қазақстанның Ұлттық ұланында бұрын-соңды болмаған»: кинолог бойжеткен Чарли есімді күшігін көрсетті
Фото: gov.kz

Ұлттық ұланда қызметтік иттерді даярлау ісіне алғаш рет әйел әскери қызметші кірісті. Қатардағы Аружан Жүнісова қазір орыс аңшы спаниелі тұқымына жататын Чарлиді есірткі заттарын іздеуге үйретіп жүр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Аружан 6654 әскери бөлімінде қызмет етеді. Ведомство мәліметінше, ол алғашқы кинолог қыз. Оның үстіне, бұл тұқымдағы ит те Ұлттық ұланда алғаш рет арнайы дайындықтан өтіп жатыр.

«Аружан бала кезінен жануарларға әуес. Ол көшеде қараусыз жүрген иттер мен мысықтарды үйіне жиі әкеліп, оларға қамқорлық танытқан. Бала күнінен бойына сіңген мейірімділігі мен өзгелерге көмектесуге деген ықыласы оның өмірлік ұстанымына айналды», – деп жазады Ұлттық ұланның баспасөз қызметі. 

Мектеп бітірген соң Алматыдағы медицина колледжінде білім алып, өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарға арналған әлеуметтік бейімдеу орталығында екі жыл жұмыс істеген. Алайда әскери қызметші болу арманы оны жаңа жолға жетелеген. Ұлттық ұланға әйел кинологтарды қабылдау басталғанын естіген Аружан жаңа мамандықты меңгеруге шешім қабылдаған.

Қазір Аружанның басты серігі – үш айлық Чарли. Әскери қызметші оны күн сайын тамақтандырып, денсаулығын бақылап, жаттықтырады.

«Мен асырап жатқан күшік болашақта есірткі заттарын іздейді. Қазір де осы бағытта машықтанып жатыр», –  дейді  6654 әскери бөлімінің кинологі Аружан Жүнісова.

Естеріңізге сала кетейік, біз бұған дейін Қазақстанның полициясындағы қызметтік иттер бірнеше рет ірі көлемде есірткі тапқанын жазған едік. Мәселен, биыл жазда Астананың кіреберісіндегі пост-бекеттердің бірінде ірі көлемде гашиш әкеле жатқан ер адамды полицияның қызметтік иті анықтап, күдіктіні қолға түсіруге көмектескен болатын. Оралда да қызметтік ит түрмеге тасымалданып бара жатқан есірткіні тапқан.