Астанада жақындарын туған күнімен құттықтап барған алты әйел прокуратураның назарына іліккен

Туған күнді даңғаза атап, тұрғындардың тыныштығын бұзғандарға прокуратура қатаң шара қолдана бастады

Астанада жақындарын туған күнімен құттықтап барған алты әйел прокуратураның назарына іліккен
Фото: скриншот

Астанада түнде тұрғын үй маңында отшашу атып, қатты музыка қосқандар жаппай жауапқа тартылып жатыр. Қазірдің өзінде 26 адамға әкімшілік жаза қолданылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қала тұрғындарының мазасын алған 19 азамат 10 тәулікке дейін қамауға алынған. Ал 14 жасқа дейінгі бала тәрбиелеп отырған 6 әйел мен бір жасөспірімге айыппұл салынды.

«Тұрғын үй маңында түнгі уақытта қатты музыка қосып, отшашу атып, туған күн иелерін құттықтау дәстүрге айналып барады. Қатты отшашудан тұрақта тұрған автокөліктердің жаппай дабылы ойнап, адамдарды шошытады», - деп жазады Астана қаласының прокуратурасы.

Енді құқық бұзғандар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабының 1-бөлігі, яғни «Ұсақ бұзақылық» бойынша жауапқа тартылады.

Естеріңізге сала кетейік, Астананың полициясы бұған дейін де түнде отшашу шашқан біраз адамды жазалаған еді.