«Жүргізуші зорлап кете ме деп қорықтым»: InDrive-қа қатысты сұмдық жағдай жарияланды

Оқиға Астана қаласында түнгі уақытта болған

«Жүргізуші зорлап кете ме деп қорықтым»: InDrive-қа қатысты сұмдық жағдай жарияланды
Фото: ЖИ арқылы жасалды

Астанада бойжеткен InDrive жүргізушісінің түнгі уақытта өзін жыныстық қатынасқа түсуге мәжбүрлемек болғанын айтып, басынан өткен жағдай туралы жазба жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бойжеткеннің айтуынша, достарымен бірге көңіл көтеру орындарының бірінен шыққаннан кейін «Яндекс Такси» қызметінің жұмыс істемеуіне байланысты InDrive қосымшасы арқылы такси шақырған. Достары жолдан түсіп қалып, өзі соңғы болып қалған. Сөзіне сүйенсек, жалғыз қалғаннан кейін жүргізуші әдепсіз сұрақтарын қоя бастаған.

«Сұрақтарына теріс жауап берсем де оны тоқтатар емес. Мені ашықтан-ашық жыныстық қатынасқа шақыра бастады. Бұл түнгі уақытта болған оқиға еді. Мені қысқа жолмен жеткізудің орнына айналып кетті. Енді менің жағдайымды елестетіп көріңіз. Дөрекі жауаптарым оны тоқтатар емес. Мені зорлап кете ме деп қорықтым. Содан кейін оның ойынын ойнауға көштім. Ұсынысына келіскен түр жасап, алдымен дүкеннен темекі сатып алайын деп алдаусыраттым. Сондағы ойым, көліктен тезірек түсіп қалу еді. Ол келісіп, жақын жердегі дүкенге тоқтады. Тоқтағаннан кейін құрбыма хабарласып, ұзағырақ әңгімелесе бастадым. Осыдан кейін барып, жүргізуші райынан қайтып, уәде етілген 1000 теңгені төлеуімді сұрады», – дейді Александра Грамма.

Ол сөзін жалғай отырып, басына түскен қауіп өзін есеңгіретіп тастағанын, жүргізуші көлігін тоқтатпағанда қандай жағдайға душар болуы мүмкін екенін ойлаудан қорқатынын айтты.

Threads желісіндегі жазбаға InDrive компаниясы ресми жауап берді.

«Мұндай жағдайға тап болғаныңыз өкінішті. Бізге директке такси тапсырысының толық мәліметі – телефон нөмірі, кім арқылы шақырту түскені, мекенжайы, уақыты жайлы жазып жіберуіңізді сұраймыз.  Біз мәліметтерді тексеру үшін мамандарға жолдаймыз», – делінген компанияның жауабында.