Риддер көшелерінде аюлар жүр: тұрғындар балалардың қауіпсіздігіне алаңдайды

Жабайы аңдар үйлер мен дүкендердің маңында, тіпті мектепке баратын жолда да байқалған

Риддер көшелерінде аюлар жүр: тұрғындар балалардың қауіпсіздігіне алаңдайды

Риддер тұрғындары қала ішінде аюлардың бірнеше рет пайда болғанын мәлімдеді. Жабайы аңдарды жеке үйлердің, дүкендердің маңынан және №12 жаңа мектепке баратын жолдан көрген. Аюлар пайда болған аудандардың бірі Тәуелсіздік даңғылы мен Республика алаңына жақын орналасқан, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Өткен түні куәгерлер Лазо көшесі, 13-үйдің ауласында қонжық ерткен аюды видеоға түсірген. Видео авторының айтуынша, аюлар жеке үйдің ауласында жүрген. Аңдарға үй иесінің иті шыққан соң, аюлар қаша жөнелген. Олар темір торлы қоршаудан асып өтіп, кейін «Крестьянский дом» дүкенінің маңынан көрінген.

«Біз полиция шақырдық», – деп мәлімдеді куәгерлер.

Таңертең қаладағы чаттарда аюларға қатысты басқа да хабарламалар тарады. Мәселен, бір ер адам түнгі сағат төрт шамасында Семей көшесінен екі аю көргенін айтқан. «Крестьянский дом» дүкені де осы көшеде орналасқан.

Түнгі сағат бірлер шамасында куәгерлер Базарная көшесінде тағы бір видео түсірген. Адамдар №12 жаңа мектеп жаққа бара жатып, аюларды көрген. Кадрларға қарағанда, видеодағы аю – қонжығы бар сол аю. Кейін аюдың екі қонжығымен жүрген сәттері түсірілген басқа видеолар да пайда болды.

Бұған дейін, бір күн бұрын, Риддер тұрғындары Таловка ауданында аюларды көргенін хабарлаған. Тұрғындар аңдардың іздерін және сынған қоршауларды суретке түсірген.

ШҚО Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының орман және аңшылық шаруашылығы жедел ден қою жасағының мамандары Риддерге келіп, жұмысқа кірісті. Инспекторлар аюлардың қозғалысын бақылап, оларды үркітіп, қаладан шығару үшін әрекет етіп жатыр.

ШҚО орман және аңшылық шаруашылығы жедел ден қою жасағының басшысы Ермек Бағланұлының айтуынша, ауа райының нашарлауына байланысты аюлар қысқы ұйқыға жататын орындарына қарай кетуі керек.

«Риддерде ауа райы бұзылып жатыр, жақында қар жауады. Алғашқы қар түскеннен кейін аюлар апандарына жақындайды, оларды дайындай бастайды. Екі аптадай күту керек, содан кейін аңдар тауға кетеді. Бір жарым айдан кейін қысқы ұйқыға жатады», – деді Ермек Бағланұлы.

Риддер тұрғындары екінші ауысымда оқитын балалардың кешке мектептен қайтып келе жатқанда жыртқыш аңдарға тап болуы мүмкін екеніне алаңдап отыр. Қала тұрғындары оқушылардың қауіпсіздігіне алаңдап, аюлардың қалада қайта-қайта пайда болуына байланысты шара қабылдауды талап етуде.

Шілде айының соңында Риддерге жақын жерде, Батыс Алтай мемлекеттік табиғи қорығының аумағында аю омартада жұмыс істеп жүрген 58 жастағы ер адамға шабуыл жасаған. Зардап шеккен адам ауыр жарақат алып, бірнеше күн жансақтау бөлімінде жатқан. Ол 19 тамызда ауруханадан шығарылған. Шабуылдан кейін аюды инспекторлар атып өлтірген.