Алматыда карантинге қарамастан жұмыс істеген демалыс орнына айыппұл салынды
Демалыс аймағының иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылды
Алматы қаласы Наурызбай аудандық Полиция басқармасының хабарлауынша, бассейні бар кешен карантиндік шектеулерге қарамастан, әдеттегі кестеге сай жұмыс істеген, санитарлық шаралар сақталмаған.
Полиция қызметкерлерінен құралған бақылау тобы жүргізген тексеру кезінде кешенде шамамен, 30 адамның демалып жатқаны анықталған. Арасында кішкентай балалары бар отбасылар да бар.
«Демалушылар ортақ бассейнді пайдаланды, олар әлеуметтік қашықтық пен гигиена туралы ұмытып кеткен сияқты. СЭС өкілдері ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 425-бабы бойынша 28 адамға қатысты әкімшілік хаттама толтырды», – деді Наурызбай аудандық Полиция басқармасының бастығы Дидар Аханов.
Сонымен қатар, полицейдің айтуынша, демалыс аймағының иесі де әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Заңды тұлғаға салынатын айыппұлдың мөлшері 230 АЕК-ті құрайды.