Қазақстандық жаттықтырушы Үндістанда кәмелетке толмаған спортшы қызды зорлады деген күдікке ілінді
Оны полиция іздеп жатыр
Пенджаб штатындағы Патиала қаласында қазақстандық велоспорт жаттықтырушысы кәмелетке толмаған спортшы қызды зорлады деген күдікке ілінді. Полиция күдіктіні іздеу үшін арнайы топ құрған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі үндістандық ақпарат құралдарына сілтеме жасап.
Полиция мәліметінше, күдікті – Қазақстан азаматы Мақсат Аязбаев. Оған қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу басталған.
Патиала полициясының басшысы Мохит Аггарвалдың айтуынша, құқық қорғау органдарына болған жағдай туралы 18 қыркүйекте хабарланған. Жасөспірімнің берген мәліметтері мен тиісті лауазымды тұлғалардың ақпараты негізінде полиция бірден тергеуге кіріскен. Оқиға 13 қыркүйекте болған. Осыдан кейін күдіктіні іздеу үшін бірнеше арнайы полиция тобы жұмылдырылған.
Тергеу барысында жаттықтырушының спортшылар тұратын аумақтағы бөлмені бір күнге жалға алғаны анықталған. Кейін полиция оның Делидегі спортшылар лагерінде болуы мүмкін екенін анықтап, ел астанасына барған. Алайда күдікті ол жерден де табылмаған. Полиция оның паспортын тәркілеген.
Қазір құқық қорғау органдары жаттықтырушының қайда екенін анықтап, оны ұстау үшін іздеу жұмысын жүргізіп жатыр. Полиция іске басқа адамдардың қатысы бар-жоғын да тексереді.
«Кәмелетке толмаған спортшы полицияға хабар бергеннен кейін біз дереу шара қабылдадық. Күдіктіні ұстау үшін арнайы полиция топтары құрылды. Қазір тергеу бірнеше бағыт бойынша жүргізіліп жатыр», – деді Мохит Аггарвал.
Тергеу аясында жәбірленуші медициналық тексеруден өткен. Полиция күдікті туралы қандай да бір ақпарат білетін адамдарды құқық қорғау органдарына хабарласуға шақырды.
ҚР Сыртқы істер министрлігі отандасымызға қатысты ақпаратты тексеріп жатқанын мәлімдеді.