Ол жазасын шартты түрде өтейді
Оралда түрмедегі жігітке хат жазып, 100 қорап темекі беріп жіберген түрме қызметкері сотталып кетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Батыс Қазақстан облысының соттары хабарлағандай, күдікті әйел түрмеде жұмыс істеген. Қызметтік лауазымын пайдалана отырып, ол түрмедегі жігітке хат жазған және темекі тасыған.
«2026 жылдың 9 ақпаны мен 3 наурызы аралығында күдікті әйел өзі жұмыс істейтін мекемеде жазасын өтеп жатқан жігітпен жеке қарым-қатынаста бола отырып, оның өтініші бойынша мекеме аумағына сотталғанға арналған 10 блок (100 қорап) темекіні заңсыз кіргізген. Бұл үшін түрмедегі жігітінен 60 000 теңге алған», - деп хабарлайды БҚО соттары.
Бұдан басқа, соттың баспасөз қызметі хабарлағандай, күдікті әйел түрмеде телефон ұстауға болмайтынын біле тұра, жігітінің қолынан телефон көрсе де заңға сай әрекет етпеген.
«Сондай-ақ WhatsApp қосымшасы арқылы сотталғанмен байланыста болған. Осылайша күдікті әйел тыйым салынған байланыс құралын заңсыз пайдалануға жағдай жасаған. Сот әйелдің жас балалары болғанын және шын жүректен өкінгенін ескеріп, оны 2 жыл шартты түрге соттады. Сондай-ақ «әділет аға лейтенанты» арнайы атағынан айырды», - деп хабарлайды БҚО соттарының баспасөз қызметі.