Депутаттар Каспийде қаза тапқан сарбаздардың жерлеуіне қатысып, тірі қалған әскерилердің көңілін сұрады

Автор: Бақыт Шынар

Үш депутат та Маңғыстау облысынан сайланған

Фото: скриншот

Құрылтайға Маңғыстау облысынан сайланған «Әділет» партиясының депутаттары Аббат Өрісбаев, Марат Себасов пен Аят Сүгірбай Каспийдегі қайғылы жағдайдан кейін қаза тапқан сарбаздардың отбасына көңіл айтып, қайғыларына ортақтасқан, деп жазады Azattyq Rýhy

«Бүкіл қазақ елі осындай қайғылы жағдайдын қайталанбауын тілеп отыр»

Құрылтайға Маңғыстау облысынан сайланған депутаттың бірі – Марат Себасов. Құрылтайдағы «Әділет» фракциясының мүшесі Марат Себасов Каспийдегі қайғылы жағдайды ести сала әріптестерімен бірге Маңғыстау облысына аттанған. Ең алдымен олар қаза тапқан сарбаздардың отбасыларына барған. Жаназаға қатысып, топырақ салған. Бүкіл ел бұндай ауыр қайғының қайталанбауын тілеп отыр дейді Себасов.

 «Біздің өлкемізде, Маңғыстау облысында болған қайғылы жағдайға байланысты осы аймақтан сайланған үш депутат қаза болған бауырларымыздың отбасына барып, Құрылтай төрағасының көңіл айту жеделхатын жеткіздік, Құрылтай депутаттарының атынан көңіл айтты. Олардың жаназасына қатысып, топырақ салдық. Ауруханадағы інілерімізге де кіріп-шығып, көңілдерін сұрадық», - дейді Құрылтай депутаты Марат Себасов.

Құрылтай депутаттары сондай-ақ ауруханада жатқан сарбаздың да ата-анасымен сөйлесіп, арыз-шағымдарын тыңдаған.

«Біздің қазір бір ғана тілегіміз бар – баламыз ауруханадан тура үйге барса екен дейміз. Негізі, әскерден келетін күні 3-қазан еді. Дәрігерлер балама өте жақсы қарады. Біз шамамыз келгенше баласынан айырылған ата-ананың үйіне барып, көңіл білдірдік. Өте ауыр жағдай», - деді аман қалған сарбаздың әкесі депутаттарға.

Бұл ретте Құрылтай депутаттары да дәрігерлермен сөйлесіп, сарбаздың ем-домына қатысты ақпарат алған.

Әскердегі реформа президенттің тікелей бақылауында

Маңғыстауға барған Құрылтай депутаттары әскердегі реформаға қатысты да пікірін айтып, жүйедегі кемшіліктіктер тез арада жойылуы тиіс деп санайды. Әскердегі реформаға қатысты ойын айтқан «Әділет» депутаттары енді бақылау күшейетінін, жүйедегі реформа президенттің жеке бақылауында екенін еске салды.

Естеріңізге сала кетейік, Каспий теңізінде оқу-жаттығу барысында ауа райы бұзылып, 17 сарбаз суға кеткен. Өкініштісі, олардың 14-і қаза тауып, 3-еуі ғана аман қалған. Оқиғаға байланысты Бас прокуратура қылмыстық іс қозғап, тергеу барысын ерекше бақылауына алды. Қорғаныс министрлігі көп ұзамай қаза тапқан сарбаздардың аты-жөнін жариялады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы сарбаздардың өліміне қатысты 25 қыркүйек күні Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.

25 қыркүйек күні тергеу жұмысына салғырт қарағаны үшін Қорғаныс министрлігінің бес лауазымды тұлғасын кісендеп әкетті.

Екі күннен кейін Тоқаев Қорғаныс министрі Дәурен Қосановты орнынан алып тастады. Дәл сол күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Айдос Сәкенұлы Мырзахметов Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі лауазымына тағайындалды.

Ақордада ауқымды кеңес өтіп, президент Қазақстан әскерінің қаржысын аудиттен өткізіп, салаға ауқымды реформа жасау туралы тапсырма берді.

Бүгін вице-президент Ерлан Қарин қаржылық аудиттің алғашқы есебі жеті күннен кейін, ал, ауқымды реформаның жоспары он күннен кейін жария болатынын мәлімдеді.