Ата-анасы тойын 3 қазанға жоспарлаған
Каспийдегі оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан сарбаз Азамат Мадиханды ата-анасы тойын жасаймыз деп күтіп отырған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Әлеуметтік желіде жас жігіттің тойына шақырту билеті жарияланды. Азамат Мадиханның әскерден оралуын ата-анасы, ата-әжесі, ағайындары мерекелеп қарсы алғысы келген. Сарбаз 7-8 күннен кейін әскерден қайтатын болған.
Айта кетейік, Каспий теңізінде оқу-жаттығу барысында ауа райы бұзылып, 17 сарбаз суға кеткен. Өкініштісі, олардың арасында 12 әскери қаза тауып, 3-еуі ғана құтқарылды. Қазіргі уақытта қалған сарбаздарды іздеу жұмысы жүріп жатыр. Іздестіру-құтқару операциясына 252 әскери қызметші мен қызметкер, 34 бірлік арнайы жерүсті техникасы, 37 әскери сүңгуір, 14 кеме мен катер, сондай-ақ 4 тікұшақпен бірге, 20-дан астам әуе кемесі жұмылдырылды. Оқиғаға байланысты Бас прокуратура қылмыстық іс қозғап, тергеу барысын ерекше бақылауына алды. Қорғаныс министрлігі көп ұзамай қаза тапқан сарбаздардың аты-жөнін жариялады. Қаза болған сарбаздардың отбасыларына қандай көмек көрсетілетіні белгілі болды.
Небары бірнеше минут бұрын Каспий теңізінде соңғы екі сарбаздың мәйіті табылды.