«Балам теңізде жарты сағат досын іздеген»: Каспийде аман қалған сарбаздың ауруханадағы видеосы тарады

Автор: Бақыт Шынар

Жас сарбазға ата-анасы келген

Фото: скриншот

Маңғыстау облысындағы блогер Азамат Сәрсенбаев Каспийдегі оқу-жаттығу кезінде аман қалып, артынан ауруханаға түскен сарбаздың ата-анасымен сөйлесті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Азамат Сәрсенбаев аман қалған Ақжол Темірәлиевтің ата-анасымен бірге ауруханаға кіріп, баланы да видеоға түсірген. Аман қалған сарбаздың әкесі баласымен кеше аз да болса сөйлесіп үлгергенін айтты.

«Басында реанимацияда жатқан соң көп сұрақ қойған жоқпын. Баламды тергеу тергейтінін білемін, сондықтан қазір көп ештеңе айта алмаймын. Бірақ, өзіммен сөйлескенде суға кеткендерін, сосын жарты сағаттай досы Азаматты іздегенін айтты. Кенет су жұтып қойып, басы айналған соң жағаға жүзіп шыққан. Жедел жәрдем келгенін біледі, кейін ауруханаға келгенше не болып, қойып жатқанын білмеген», - дейді жігіттің әкесі.

Баласының палатасына кірген әкесі маңдайынан сүйіп, анасы оның алақанын қатты қысып алған.

Маңғыстау облысының денсаулық сақтау басқармасы басшысы Бекболат Ізбасаров сарбаздың денсаулығы қазір жақсарғанын, терапия бөлімінде ем қабылдап жатқанын мәлімдеді.

Айта кетейік, Каспий теңізінде оқу-жаттығу барысында ауа райы бұзылып, 17 сарбаз суға кеткен. Өкініштісі, олардың арасында 12 әскери қаза тауып, 3-еуі ғана құтқарылды. Қазіргі уақытта қалған сарбаздарды іздеу жұмысы жүріп жатыр. Оқиғаға байланысты Бас прокуратура қылмыстық іс қозғап, тергеу барысын ерекше бақылауына алды. Қорғаныс министрлігі көп ұзамай қаза тапқан сарбаздардың аты-жөнін жариялады.