«Өнер мен вандализмді ажырату керек»: граффити қауымдастығы «Әділет» партиясының ұсынысын қолдады
Суретшілер заңды орындардың не үшін қажет екенін түсіндірді
Рұқсатсыз граффитиге қарсы күресті күшейту мәселесі күн тәртібіне қайта шықты. Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Мейрамбай Кемалов қоғамдық орындарды бүлдірудің алдын алу үшін «Вандализм қаупі жоғары аймақтар картасын» әзірлеуді, бейнебақылау мен патрульдеуді күшейтуді ұсынды. Сонымен бірге Кемалов мәселенің екінші жағына да назар аударды. Ол көше суретшілеріне арналған арнайы қабырғалар мен заңды арт-аймақтар бөлуді ұсынды. Депутаттың сөзінше, қоғамдық орындарды заңсыз жазулардан қорғаумен қатар, жастардың шығармашылығына арналған қауіпсіз кеңістікті қалыптастыру қажет. Дәл осы ұсынысты ірі граффити мәдениетінің өкілдері де қолдайды. Azattyq Rýhy тілшісі Алматыда граффитимен 19 жылдан бері айналысып келе жатқан Repas қауымдастығымен сөйлесіп, вандализм мен өнердің ара-жігін ажырату, заңды алаңдардың болуы және қаладағы стрит-арт мәдениетінің өзгеруі туралы сұрады.
Қауымдастық өкілдері рұқсатсыз граффитиге қарсы шараларды қолдайтынын айтады. Олардың пікірінше, қоғамдық мүлікті бүлдіріп кетудің, есірткі сататын жасырын арналарды жарнамалап жазып кетуідің стрит-артқа еш қатысы жоқ. Сондықтан мұндай әрекеттерді өнер ретінде қабылдауға болмайды.
«Біз қалада тәртіп болғанын толық қолдаймыз. Мүлікті бүлдірудің, әсіресе есірткі сататын жасырын арналарды жарнамалаудың өнерге де, субмәдениетке де еш қатысы жоқ. Бұл – заң бұзушылық. Сондықтан мұндай әрекеттермен күресу керек. Рұқсатсыз жазба жазуға болмайтынын, оның жауапкершілігі бар екенін бәрі біледі. Бірақ граффитиге келгенде бір нәрсені ескеру керек, заңсыз қабырғаға жазу мен арнайы жерде жасалған шығармашылық жұмысқа бірдей қарауға болмайды. Біз қаладағы осындай ретсіз жазуларға қарсымыз», – дейді қауымдастық өкілдері.
Сонымен қатар шығармашылықпен айналысатын жастар үшін заңды кеңістіктердің болуы өте маңызды. Repas өкілдерінің айтуынша, арнайы қабырғалар мен арт-аймақтар белгіленсе, жас суретшілер емін-еркін шығармашылықпен айналысар еді.
«Бұл өте дұрыс шешім деп ойлаймыз. Жастар көп жиналатын орындарда, мысалы, скейт-парктерде сурет салуға арналған арнайы қабырғалар болса, жас суретшілер сол жерде еркін жаттығып, шеберлігін шыңдай алады. Сурет салатын қауіпсіз жер берілсе, жастар аялдамаға, үйдің қабырғасына сурет салуға ұмтылмайды», – дейді Repas өкілдері.
Repas өкілдерінің айтуынша, арнайы арт-аймақтар үшін міндетті түрде жаңа орын іздеудің қажеті жоқ. Суретшілер бұрыннан пайдаланып жүрген, тұрғындарға кедергі келтірмейтін жерлерді анықтап, сол аумақтарды ресми түрде сурет салуға болатын орын ретінде белгілеуге болады. Мұндай жерлер кейін тұрғындар мен туристер баратын мәдени орынға айналуы мүмкін.
Граффитимен көптеген жылдан бері айналысып келе жатқан Repas өкілдерінің айтуынша, осы уақыт ішінде көше өнері шағын субмәдениет шеңберінен шығып, қаланың мәдени өмірінің бір бөлігіне айналған.
«19 жыл ішінде көше мәдениеті қатты өзгерді. Бұрын граффити белгілі бір шағын ортаға тән субмәдениет болса, қазір Алматы мәдениетінің бір бөлігіне айналды. Бүгінде стрит-арт тек қабырғаға сурет салумен шектелмейді», – дейді қауымдастық өкілдері.
Қазір бұл бағытта суретшілермен бірге урбанистер, дизайнерлер, фотографтар, видеографтар мен сәулетшілер де жұмыс істейді. Алматыда стрит-арт фестивальдері, көрмелер, экскурсиялар мен дәрістер ұйымдастырылып тұрады.
Көше өнерінің өз ішінде де әртүрлі бағыт бар. Repas өкілдерінің айтуынша, граффити көбіне теггинг пен бомбингтен басталады. Суретші қарапайым жазуды қабырғаға түсіреді. Кейін шеберлігі артқан сайын әріптерді күрделендіріп, түс, композиция мен кейіпкерлерді қосып, райтингке көшеді. Ал мурал – көлемі жағынан ауқымды, көбіне ғимараттардың үлкен қабырғаларына салынатын жұмыс. Мұнда сурет белгілі бір тақырыпты ашуға арналады. Көптеген муралистің жолы қарапайым граффитиден басталады.
Сондықтан Repas өкілдері граффитидің өзін біржақты қабылдауға болмайтынын айтады. Олардың пікірінше, мұнда ең маңыздысы, суреттің қай жерде және қандай жағдайда салынғанына қарау керек. Қоғамдық мүлікке рұқсатсыз жазу мен арнайы бөлінген жерде жасалған жұмыстың арасы осы жерден ажырайды.
Қауымдастық қоғамдық мүлікті бүлдіруге қарсы. Алайда сурет салғысы келетін жастар мен суретшілерге де арнайы орын қажет. Олардың пікірінше, арнайы қабырғалар болса, тәртіп бұзушылықтың алдын-алуға болады.