Ұлдана Мырзуанның өлімі болған үйдің басшысынан 45 млн теңге өтемақы сұралды
Екі адвокат өтінішхат берді
Фельдшер Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты сот отырысында екі жәбірленушінің адвокаттары айыпталушы Сәуле Жұбаниязовадан 45 миллион теңге көлемінде өтемақы өндіруді сұрады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында өткен отырыста тұрғын үйдің қасбетінен кірпіш құлап, жарақат алған Гүлнар Қалиеваның адвокаты Алина Жиенқожаева бірнеше өтінішхат түсірді. Адвокаттың айтуынша, 2025 жылғы 8 қарашада «Корзинка» дүкенінің маңында ғимараттың қасбетінен құлаған бетон мен кірпіш сынықтары Гүлнар Қалиеваға тиген. Жарақат алған әйел №1 қалалық ауруханаға жеткізіліп, шокқа қарсы бөлімге жатқызылған.
Сотта Қалиеваның бас-ми жарақатын алғаны, оң жақ бұғанасы мен бірнеше қабырғасы, омыртқасы және сол қолындағы сүйектері сынғаны айтылды. Адвокаттың сөзінше, сот-медициналық сараптама жарақаттарды орташа ауыр деп бағалаған. Алайда Қалиева жарақатынан кейін бірнеше ай бойы жұмыс істей алмай, ем қабылдаған.
Алина Жиенқожаева жәбірленушіге келтірілген моральдық зиян үшін 10 миллион теңге, материалдық шығын ретінде 253 960 теңге және адвокат қызметіне жұмсалған 500 мың теңге өндіруді сұрады.
Ал Айнұр Нұрпейісованың адвокаты Жадыра Құрымбаева сотта оның басынан алған жарақаты есту қабілетіне ауыр зардап әкелгенін айтты. Адвокаттың мәліметінше, медициналық құжаттар мен сот-медициналық сараптама қорытындысында Нұрпейісованың бас сүйегінің оң жақ самай және маңдай сүйектері сынғаны көрсетілген. Сүйек сынықтары ішке кіріп, бас сүйегінің ортаңғы және алдыңғы бөліктеріне зақым келген.
«Оң жақ самай сүйегі сынып, ішіне кіріп кеткен. Сүйектің сынығы ортаңғы бассүйекке дейін жеткен. Соның салдарынан оң жақтағы есту жүйкесі қатты зақымданған. Бұдан бөлек, құлақтың ішіндегі дыбыс қабылдайтын құрылымдар бұзылған», – деді Жадыра Құрымбаева.
Адвокат сотқа ұсынылған сурдологтардың қорытындысына сүйеніп, Нұрпейісоваға жарақаттан кейінгі IV дәрежелі сенсоневралды кереңдік диагнозы қойылғанын айтты. Соның салдарынан жәбірленуші оң құлағымен мүлде естімейді.
Құрымбаеваның айтуынша, оң құлақтағы есту қабілетін ота немесе ем арқылы қалпына келтіру мүмкін емес. Ал бір құлақтың естімеуі екінші құлаққа түсетін салмақты арттырып, оның есту қабілетіне де кері әсер етуі мүмкін. Осыған байланысты адвокат Нұрпейісованы азаматтық талапкер деп тануды сұрады. Оның есебінше, жәбірленушінің материалдық шығыны 322 554 теңге, моральдық зиян үшін 35 миллион теңге өтемақы талап етілді.
Сонымен қатар қорғаушы Нұрпейісоваға қажет есту аппаратын әр екі жыл сайын ауыстыру үшін 960 мың теңге төлеу міндетін жүктеуді сұрады.