Түркістан облысының тұрғыны ауылдағы мектепке 3 күнде екі рет ұрлыққа түскен
Мектеп мұғалімдері ұрыны өздері ұстамақ болыпты
Түркістан облысының Мақтаарал ауданында жас жігіт ауыл мектебіне үш күнде екі рет ұрлыққа түсіп ұсталды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Полицейлерге мектептің директоры арызданған. Алғашқы ұрлық оқиғасы тіркелгенде педагогтар ұрыны өздері ұстамақ болып, құқық қорғау органдарына хабар бермепті. Алайда, мектептен екінші рет компьютер ұрланған сәтте олар амал жоқ, аудандық Полиция басқармасына жүгінген.
Ұры мектептің терезесін сындырып және есігін бұзып кірген. Ол әр келгенінде бір-бір компьютерден көтеріп әкетіп отырыпты. Ұрланған екі компьютердің құнын мектеп басшылығы 250 мың теңгеге бағалап отыр.
«Аталған жайт ҚР ҚК-нің 188-бабы “Ұрлық“ бойынша тіркеліп, СДТТБТ-не енгізілді. Орын алған ұрлық қылмысын ашу мақсатында ауданның тәжірибелі полицейлерінен жедел-тергеу тобы құрылды. Жедел уәкілдер жақын аймақтарды аралап, бейнебақылау камераларын тексеріп, куәгерлерден жауап алды. Нәтижесінде, мектепке тиесілі техникалық құралдарды жымқырған күдіктінің жеке-басын 4-5 сағат ішінде анықтады. Ол жергілікті тұрғын, жас жігіт болып шықты», - делінген полиция таратқан хабарламада.
Күдікті компьютерлерді сатып, пайда табу үшін емес, өзі қолдану үшін ұрлаған көрінеді. Оның үйін тінту барысында ұрланған компьютерлер табылып, тәркіленіп алынды.
Қазіргі таңда осы іс бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті ешқайда кетпеу туралы міндеттемемен босатылды.