Өскемен тұрғыны медициналық ЖОО-ға түсемін деп 3 млн теңгесін алаяққа аударып жіберген

Өскемен тұрғыны 3 миллион теңгесінен айырылып қалды

Өскемен тұрғыны медициналық ЖОО-ға түсемін деп 3 млн теңгесін алаяққа аударып жіберген
Фото: istockphoto.com

Өскемен қаласының тұрғыны медициналық университетке оқуға түсемін деп алаяққа 3 млн теңгесін беріп жіберген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, қажетті құжаттарды рәсімдеп, жоғары оқу орнына қабылдануына көмектесуі тиіс болған.

«Полиция қызметкерлерінің анықтауынша, күдікті жәбірленушіге өзін жалған есіммен таныстырып, оқуға түсуге көмектесе алатынына сендірген. Оның сөзіне сенген жас жігіт қажетті құжаттары мен 3 миллион теңге көлемінде ақша берген. Бірақ уәде етілген көмек көрсетілмеген. Құжаттар университетке тапсырылмаған, оқуға қабылдау жүзеге аспаған. Ал күдікті алған ақшасын жәбірленушіге қайтармаған. Жедел іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері күдіктінің жеке басын анықтап, оны полиция бөліміне жеткізді», – делінген хабарламада.

Аталған факті бойынша «Алаяқтық» бабымен қылмыстық іс қозғалды.