«Алты балам да өнерлі»: «Әділет» партиясының Әйелдер қанаты көпбалалы отбасын құттықтады
Партия белсенділері Отбасы күні қарсаңында игі бастаманы қолға алды
Отбасы күні қарсаңында «Әділет» партиясының Әйелдер қанаты әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасыларды аралау бастамасын қолға алды. 11 қыркүйектен бастап партия белсенділері көпбалалы, мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған және өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасылардың үйлеріне барып, тұрмыс-тіршілігін көріп, қандай көмек қажет екенін анықтап жатыр.
Бастама «Әділет» партиясының 2026–2031 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасындағы отбасыны, ана мен баланы қолдау және әлеуметтік көмекті нақты қажеттілікке негіздеу қағидаттарына сәйкес жүзеге асырылып отыр. Партия балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, қарттар мен ерекше қажеттіліктері бар азаматтарды және өзге де осал топтарды қолдауды басым міндеттердің бірі ретінде қарастырады. Алдағы уақытта Республика бойынша 1000-нан астам отбасымен кездесу жоспарланған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Нұра ауданында өткен осындай кездесулердің бірінда партия өкілдері көпбалалы отбасын құттықтап, үйіне барды. 34 жастағы Торғын Қасымова жұбайымен бірге алты баланы тәрбиелеп отыр. Үлкен қызы Айша колледжде кондитер-безендіруші мамандығында білім алады, төрт баласы мектепте оқиды, кенже қызы балабақшаға барады. Анасының айтуынша, әр баласының өз қызығушылығы, арман-мақсаты бар.
«Үлкен қызым кондитер мамандығын таңдады. Ұлым Мұса футбол ойнағанды жақсы көреді, болашақта жаттықтырушы болғысы келеді. Мұстафа қобыз үйірмесіне қатысады, Қасым лезгинка биін билейді, Мелек мектепте оқиды. Ең кішкентай қызым ән айтып, би билегенді жақсы көреді. Балаларымның бәрі өнерлі, біз олардың қабілетін қолдан келгенше қолдауға тырысамыз. Жұбайым екеуміз осы балаларды білімді, өнерлі, еліне қызмет ететін жақсы азамат етіп тәрбиелеп, өсірсек дейміз», – дейді ол.
Отбасы пәтер жалдап тұрады. Отағасы автосервис орталығында жұмыс істейді. Торғын Қасымова көпбалалы ана және «Күміс алқа» иегері ретінде алатын әлеуметтік төлемдерін ең алдымен балалардың қажетіне жұмсайды. Өзі кейде қосымша жұмысқа шыққанымен, тұрақты қызметке орналасу қиын, өйткені таңертең балаларды балабақша мен мектепке апарып, сабақтан соң қарсы алады.
«Отбасы күніне орай арнайы келіп, бізді құттықтап, көпбалалы отбасыларға көңіл бөлген «Әділет» партиясының өкілдеріне алғысымды білдіремін», – деді ол.
Партияның Нұра аудандық филиалының төрағасы Жанар Жақыпованың айтуынша, Отбасы күнінің мәні тек құттықтап кетуде емес. Мұндай кездесулерде отбасының жағдайын біліп, қандай көмек қажет екенін анықтауға мән беріледі.
«Отбасы күні қарсаңында Нұра аудандық филиалы жанындағы Әйелдер қанатының төрайымы Аида Омарбекованың бастауымен көпбалалы отбасының жағдайымен танысып, арнайы барып қайттық. Кездесу барысында тұрмыс-тіршілігін көріп, мұң-мұқтажын тыңдап, қажетті қолдау көрсету мәселелерін қарастырдық», – деді Жанар Жақыпова.
Оның айтуынша, партия мұндай кездесулерді тұрақты түрде өткізіп келеді.
«Біздің басты мақсатымыз – отбасылардың жанынан табылып, қолдау көрсету және отбасы институтын нығайту. Отбасы – біздің басты құндылығымыз, қоғамның берік тірегі әрі еліміздің жарқын болашағының негізі», – деп сөзін түйіндеді филиал төрағасы.
Бүгінде Қазақстандағы әлеуметтік қолдау шаралары 4,6 миллион азаматты қамтиды. Олардың қатарында балалы отбасылар, мүгедектігі бар азаматтар, қарт адамдар және өмірлік қиын жағдайға тап болған тұрғындар бар. «Әділет» партиясының Әйелдер қанатының бастамасы дәл осындай отбасыларға уақытылы қолдау көрсетуді көздейді.