Риддерде аю ер адамға шабуыл жасады: жәбірленуші оқиғаны айтып берді

Ер адам ауыр жарақат алып, бірнеше күн жансақтау бөлімінде жатқан

Риддерде аю ер адамға шабуыл жасады: жәбірленуші оқиғаны айтып берді
Фото: istockphoto.com

Аюдың шабуылынан аман қалған 58 жастағы Риддер тұрғыны жыртқышпен қалай бетпе-бет келгенін айтып берді. Ер адам Батыс Алтай мемлекеттік табиғи қорығына жақын маңдағы омартада жұмыс істеген. Шабуыл салдарынан ол ауыр жарақат алған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy yk-news.kz-ке сілтеме жасап.

Оқиға 29 шілдеде жергілікті демалыс базасы – тайга үйінің маңында болған. Сол күні кешке ер адам екі жолдасымен бірге сиырларды іздеуге шыққан. Сиырлар аюдан қашып, орманнан жүгіріп шыққан.

Ер адам жыртқышты қуып жібермек болған, алайда аю оған қарай бет алған. Оның айтуынша, бәрі өте жылдам болған.

«Сол кеште үшеуіміз сиырларды іздеуге шықтық. Сиырлар аюдан қашып, орманнан жүгіріп шықты. Мен сақтықты ұмытып, оны қуып жібермек болдым. Аю бірден маған назар аударып, менің бағытыма қарай жүгірді. Бәрі өте тез болды, ол маған шабуыл жасады. Аю үлкен емес, шамамен екі жаста еді. Жанымда екі жолдасымның болғаны жақсы болды. Олар мені тастап кетпей, қолдарына түскен таяқтармен аюға тап берді. Соның арқасында тірі қалдым», – дейді зардап шеккен Иван Бердюгин.

Ер адам көптеген ауыр жарақат алып, бірнеше күн жансақтау бөлімінде жатқан. Кейін травматология бөліміне ауыстырылып, емін жалғастырған.

Зардап шеккен азамат 19 тамызда ауруханадан үйіне шығарылды.