Тіс дәрігері жұмыстан шығарылды: баланың анасы да жазаға тартылуы мүмкін

Жарияланған:
04.11.2019, 23:21

Дәрігермен қосылып ұлын төмпештеген ананың да әрекеті камераға түсіп қалған

Кадр видеодан алынды

Ақтауда тіс жұлдыруға келген балаға дөрекілік танытқан дәрігер жұмыстан шығарылды. Бірақ ол бұл жазамен ғана құтылмайтын сыңайлы. Өйткені, баланың анасы Маңғыстау облысы стоматологиялық орталығының қызметкері Төлеген Мұхамбетовқа қатысты полицияға арыз түсіріпті. Дегенмен, баланың анасының өзі де жауапкершілікке тартылуы мүмкін, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК арнасына сілтеме жасап.

Жеті жасар баланы жау көргендей жұлқылап, орындыққа атып ұрған тіс дәрігерінің бақылау камерасына жазылып қалған әрекеті әуелі әлеуметтік желіде тарады. Инеден қорқып қиғылық салған кішкентайды дәрігер тізесімен басып қояды. Осы сәтте дәлізде тұрған анасы кабинетте болған сорақылықтан бейхабар болғанын айтады. 

«Балам есіктен жылап шықты. Басын ұстап алып: «Мама, ана аға мені ұрды» деп жылады. Баламды ДЦП-мен ауырады деп бүкіл жағдайды түсіндіріп тұрсам, ол: «Тісін жұламын деп, қорқыту үшін істедім, апа» дейді. Аталмыш видеоны үйге келгеннен қайтып көре алмадым, жүрегім ауырады. Себебі, балам да «Көрсетпеші, өшіріп тасташы» деп жылады», – дейді баланың анасы Қызғалдақ Сапарова.

Қызғалдақ Сапарованың айтуынша, сол күні ұлымен үш рет тіс дәрігеріне кіріпті. Алайда, баласы көнбей қойған соң соңында кабинетке қалдырып, өзі дәлізге шығып кетеді. Ал облыстық стоматологиялық орталықтағы сорақылықтан кейін көпшіліктен кешірім сұраған тіс дәрігері Төлеген Мұхамбетов «жақсылық жасаймын» деп қателікке ұрынғанын мойындады.

«Бірақ мен баланы ұрған жоқпын. Өте қатты жұлқыдым. Отырғызып, қорқытып, тісін жұлып беріп жіберейін деген оймен жасалған болатын. Ел алдында, ата-анасының алдында шын жүрегіммен кешірім сұраймын», – деп ақталған болатын тіс дәрігері Төлеген Мұхамбетов.

Кәсіби міндетіне кір келтірген жас маман екі жыл бұрын медициналық университетті қызыл дипломға бітіріп, аталмыш орталыққа жұмысқа тұрған. Жас та болса білікті дәрігердің бұған дейін «ешбір оғаш қылығын байқамадық» деген басшысы оның жұмыстан шығарылғанын айтты.

«Әрекеттерін анық көрдіңіздер. Өрескел болған. Адамшылыққа жатпайды. Басы алтын болса да, жазасын алуы тиіс. Біз осылай шешім қабылдадық. Жиналыста оның іс-әрекетін талқыға салап, жұмыстан босататын болдық. Жай, өз еркімен кетпейді, оған заң бабын қолданамыз», – деп түсіндірді Маңғыстау облысы стоматологиялық орталығының директоры Қуат Машырықов.  

Дәрігердің әрекетіне налыған Қызғалдақ Сапарова бірден полицияға арыз түсіріпті. Бірақ өзі де жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Өйткені, дәрігермен қосылып ұлын төмпештегені камераға түсіп қалған. Қазір істің ақ-қарасын анықтауға сот-медициналық сараптама жүргізіліп жатыр.

«Денесіне жарақат жеңіл дәрежеде берілген жағдайда ҚР Әкімшілік кодексінің 73-1-бабымен әкімшілік жауапкершілікке тартамыз. Егер баланың денесінде қандай да бір жарақат болмағанда, осы кодекстің 73-2-бабымен баланы ұрып-соққаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартамыз», – деп пікір білдірді Ақтау қалалық полиция басқармасы бастығының орынбасары Қалдымұрат Айғарақов.

Осылайша, сол күйі ауырған тісін жұлдырмаған кішкентай бала енді аурухана табалдырығын аттауға қорқып отыр. Ал «кешірім бермеймін» деген анасы жұдырығы жуан дәрігердің жазаға тартылуын сұрайды.

Біздің ең маңызды және қызықты жаңалықтарды біздің Telegram-каналдан оқыңыз
Өзге де қызықты мақалалар
Иракта жойқын жарылыс болды
Қару асынып, видеоға түскен жігіттің кім екені анықталды
Меркі ауданының бас дәрігері пара алғаны үшін сотталды

Сұхбат
Ресейде 800-900 мың қазақ өмір сүріп жатыр деген мәлімет бар, кей дереккөзде 1,5 миллион деп жазылған
«Абайдың 45 сұрағына» Арыстанбек Мұхамедиұлы жауап берді 
Абайдың 45 сұрағына алғаш болып жауап берген - Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов
Бүгінде Кореяда жұмыс істеп жатқан қазақтардың саны артып келеді. Күнкөріс қамымен шетел асып барғандардың көпшілігі визасыз жұмыс істеп жүр.