Қарағанды облысында 650 гектар аумақты шарпыған табиғи өрт оқшауланды
Өртті сөндіруге 310-ға жуық адам, 44 техника және екі тікұшақ жұмылдырылды
Қарағанды облысының Шет ауданында Өнірек ауылының маңындағы табиғи өрт оқшауланды. Өртті сөндіруге 310-ға жуық адам, ондаған техника және авиация жұмылдырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ҚР ТЖМ-нің Telegram арнасына сілтеме жасап.
Құрғақ шөп 613,6 гектар аумақта өртенді. Сондай-ақ өрт Қарағанды орман және жануарлар дүниесін қорғау шаруашылығы аумағындағы орманды алқаптың бір бөлігін шарпыды. Жалынның орман алқаптарына одан әрі таралуына жол берілген жоқ. Өрттің жалпы аумағы 650 гектарды құрады.
Өрт сөндіру жұмыстарына таулы-төбелі жер бедері, кейбір учаскелерге жетудің қиындығы және желдің қатты екпіні кедергі келтірді. Қабылданған шаралардың арқасында өрттің таралуы тоқтатылды.
Жету қиын аумақтардағы жекелеген өрт ошақтарын сөндіруге ТЖМ авиациясы тартылды. Су төгу құрылғыларымен жабдықталған «Қазавиақұтқару» тікұшақтары жалпы көлемі 78 тонна суды 26 рет төкті.
«Өртті сөндіруге ТЖМ, жергілікті атқарушы органдар, орман шаруашылықтары және басқа да өзара іс-қимыл жасайтын қызметтердің 310-ға жуық қызметкері мен 44 техникасы, сондай-ақ «Қазавиақұтқарудың» екі тікұшағы жұмылдырылды», – деп хабарлады ведомство.
Қазіргі уақытта жекелеген бықсу ошақтарын толық сөндіру және аумаққа су себу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жағдай ТЖМ бақылауында.