Нұр-Сұлтанда дәрі-дәрмекті жоғары бағамен сатқан екі тұрғын ұсталды
Онлайн сатылымға қойылған препараттардың жалпы сомасы 300 мың теңгеден асады
Нұр-Сұлтан қаласы Сарыарқа ауданының полицейлері тапшы дәрі-дәрмекті сатумен айналысқан елордалық екі тұрғынды ұстады, деп хабарлайды Polisia.kz.
Дәлірек айтқанда, 41 жастағы әйелден 29 инъекциядан тұратын «Клексан 4000», «Ксарелто Ривароксабан», «Гепарин»және 24 инъекциядан тұратын «Фраксипарин» тәркіленді. Бұл препараттардың жалпы сомасы 150 мың теңгеден асты.
Сондай-ақ, ұсталған 24 жастағы тұрғыннан 160 мың теңге сомасына дәрі-дәрмек тәркіленді. Ол азаматтан «Фраксипарин» және «Меропенем»препараттары 10 және 12 ампуладан алынды.
Бір тәулік ішінде полицейлер қаладағы сегіз дәріханада медициналық препараттарды жоғары бағамен сату құқықбұзушылықтарын анықтады. Дәріхана қызметкерлері «Бөлшек және көтерме саудада өткізу үшін дәрілік заттың сауда атауына шекті бағаларды бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2019 жылғы 15 шілдедегі бұйрығын бұзып, дәрілік препараттарды саттыдеп айыпталып отыр.
Еске сала кетейік, рейд басталғалы бері тәртіп сақшылары 100-ден астам құқықбұзушылықты анықтады. Жалпы, 117 адам, оның ішінде 68-ден астам фармацевт ұсталды және 430 дәріхана тексерілді. Алынған медициналық препараттардың жалпы сомасы 20 миллион теңгені құрады.
Әрбір анықталған факті бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес құқықтық баға беріледі.
Егер сізге дәрілік заттарды заңсыз сату фактілері белгілі болса, Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаментіне 8 (7172) 71-62-91, 71-63-35, whatsapp 8-747-620-57-93 немесе «102» телефондары арқылы хабарласуыңызды сұраймыз.