$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
30.07.2020, 21:27
Оқиғалар

СҚО-да 5 жасар бала жоғалып кетті

Бала ауылдардың арасында адасып кеткен

СҚО-да 5 жасар бала жоғалып кетті

Солтүстік Қазақстан облысы Аққайың ауданына қарасты Тоқшын елді мекенінде тұратын 5 жасар бала Қызылжар ауданынан табылды. Ол ауыл балаларымен бірге далаға барып, жалғыз өзі адасып қалған. Ата-анасы ұлын кешқұрым уақытта ғана іздеуге кіріскен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Бала ауылдардың арасында адасып кеткен. Кешкі сегіздер шамасында тракторымен үйіне қайтып келе жатқан Знаменское ауылының тұрғыны Андрей Мехов далалы жолмен келе жатқан балақайды байқайды. Шошынған бала ер адамға ештеңе айтып түсіндіре алмайды, тек есімін ғана айтқан. Ауыл тұрғыны баланы өз үйіне әкеліп, болған мән-жайды учаскелік полиция инспекторына хабарлаған. Полиция капитаны Серік Жолтанов табылған бала туралы ақпаратты жақын маңдағы ауылдарға жолдаған. Бала анасының есімін атаған, бұл полицейлерге оның жақындарын тезірек анықтауға көмектескен. Қараңғы түсе бастаған кезде алаңдаған анасы ұлын іздеуге шыққан. Дегенмен, ұзақ іздеуге тура келген жоқ, учаскелік инспектор қуанышты хабарды жеткізген. Баланың Аққайың ауданы Тоқшын аулында тұратыны анықталды. Күндіз құрдастарымен ойнап жүрген. Кейін өзі теңдес балалардың бірімен далаға барып, одан қалып қойған соң адасып қалған.

«Абырой болғанда бәрі жақсы аяқталды. Бала тұрғылықты мекенжайынан 10 шақырымдай жерден табылып, анасына табысталды. Аталған факті бойынша профилактикалық әңгіме жүргізілді. Қазір жаз кезеңінде балалар үлкендердің қарауынсыз өз уақытының басым бөлігін далада өткізеді. Ата-аналардан өз балаларын назардан тыс қалдырмай, кішкентай бүлдіршіндермен жиі әңгіме өткізуді сұраймыз. Су қоймаларында, жолдарда балалардың қатысуымен орын алған оқиғалар жиі болып жатады», – деді Қызылжар ауданы Полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы полиция майоры Жәнібек Мұхамадиев.

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО

Серіктес жаңалықтары