Қостанайдағы жарылыс үш адамның өмірін қиды: кінәлі бостандықта жүр
Сот айыпталушыны кінәлі деп танығанымен, қылмыстық жауапкершілікке тарту мерзімі өтіп кеткендіктен босатты
Қостанай қаласының №2 соты сотталушыны абайсызда адам өліміне, денсаулыққа ауыр зиян келтіруге және аса ірі мөлшерде мүліктік залал келтіруге кінәлі деп таныды. Алайда қылмыстық жауапкершілікке тарту мерзімінің өтуіне байланысты оны жауапкершіліктен босатты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Сот анықтағандай, 2023 жылғы 11 желтоқсанда «Ұсақ жөндеу шеберханасы» ретінде пайдаланылған бокс ішінде «ГАЗ Газель» автокөлігінің рамасына орнатылған газ баллонының қабырғасы жарылған.
Оған баллон ішіндегі қысымның шамадан тыс көтерілуі себеп болған. Бұдан кейін газ сыртқа шығып, жарылу қаупі бар газ-ауа қоспасы түзілген. Ол тұтану көзінен от алған.
Жарылыс пен ғимарат құрылымдарының опырылуы салдарынан Д., С. және Ч. есімді үш адам қаза тапты. Тағы бір адам — Г.-ның денсаулығына ауыр зиян келтірілген.
Жарылыс толқыны тұрғын үйлерге, түрлі жылжымайтын мүлік нысандарына, жеке заттар мен өндірістік ғимараттарға да зақым келтірген. Барлығы 26 жәбірленушіге 240 миллион теңгеден астам материалдық залал келген.
Тараптар не сұрады?
Сот жарыссөзі кезінде мемлекеттік айыптаушы Б.-ны кінәлі деп танып, қылмыстық жауапкершілікке тарту мерзімінің өтуіне байланысты оны жауапкершіліктен босатуды сұрады.
Сотталушының өзі кінәсін мойындамай, ақтау үкімін шығаруды өтінді.
Жәбірленушілер мен олардың өкілдері прокурордың ұстанымымен келісіп, азаматтық талаптарды қанағаттандыруды сұрады.
Сотталушы неге жауапкершіліктен босатылды?
Сот Б.-ны Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 104-бабының 2-бөлігі, 114-бабының 3-бөлігі және 204-бабының 2-бөлігі бойынша кінәлі деп таныды.
Бұл баптардың санкцияларында қылмыс құрамына қарай айыппұл, түзеу немесе қоғамдық жұмыстар, бас бостандығын шектеу не бас бостандығынан айыру жазалары көзделген.
Соттың мәліметінше, Б. жасаған әрекеттер ауырлығы орташа қылмыстар санатына жатады. Мұндай қылмыстар үшін жауапкершілікке тарту мерзімі қылмыс жасалған күннен бастап екі жылды құрайды.
Сот іс бойынша қылмыстық жауапкершілікті жеңілдететін немесе ауырлататын мән-жайларды анықтамады.
Нәтижесінде Б. кінәлі деп танылды. Алайда Қылмыстық кодекстің 71-бабы 1-бөлігінің 2-тармағына сәйкес жауапкершілікке тарту мерзімінің өтуіне байланысты қылмыстық жауапкершіліктен босатылды.
Бұл ретте сот жәбірленушілердің азаматтық талаптарын қанағаттандырды.