Екібастұзда адам өлтірді деген күдікпен ер адам ұсталды
Полиция адам өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғап, күдіктіні қолға түсірді
Павлодар облысының полиция департаменті әлеуметтік желілерде Екібастұздағы пәтерлердің бірінен әйел адамның бөлшектелген мәйіті табылғаны туралы тараған ақпаратты растамады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Instagram желісіндегі жергілікті пабликтердің бірінде Екібастұз қаласындағы Әуезов көшесі, 24-үйдегі пәтер ашылғаннан кейін зорлық-зомбылық белгілері бар әйелдің мәйіті табылғаны туралы хабарлама жарияланған.
Жарияланым авторлары мәйіттің жағдайына қатысты түрлі мәліметтер келтірген.
Алайда Павлодар облысының полиция департаменті бұл ақпараттың шынайылығын растаған жоқ.
Сонымен қатар ведомство адам өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған.
«Оқиғаның мән-жайы мен себептері тергеу барысында анықталады», – деп мәлімдеді полиция департаменті.
Сондай-ақ ведомство Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайтынын атап өтті.