Жетісу облысында үш көлік соқтығысты: зардап шеккендер бар
Алдын ала мәлімет бойынша, апатқа қарсы жолаққа шыққан Kia Sportage жүргізушісі себеп болған
Жетісу облысында Алматы – Өскемен тасжолында үш автокөліктің қатысуымен жаппай жол-көлік оқиғасы болды. Зардап шеккендер бар, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, апат 26 шілде күні автожолдың 474-шақырымында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, Kia Sportage көлігінің жүргізушісі қарсы қозғалыс жолағына шығып кетіп, Toyota Highlander автокөлігімен соқтығысқан. Одан кейін сол бағытта келе жатқан Lexus көлігімен тағы бір соқтығыс болған.
Қазіргі уақытта оқиға орнында полиция қызметкерлері, ТЖМ бөлімшелері мен жедел жәрдем бригадалары жұмыс істеп жатыр. Дәрігерлер зардап шеккендердің барлығына медициналық көмек көрсетуде. Зардап шеккендердің нақты саны нақтыланып жатыр.
Аталған жол-көлік оқиғасына қатысты полиция тексеру жүргізіп жатыр. Оның қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданады.