Маңғыстаудағы кәмелетке толмаған қызға қатысты іс: күдіктілердің біріне іздеу жарияланды

Айыпталушылардың бірі бой тасалап үлгерген

Маңғыстаудағы кәмелетке толмаған қызға қатысты іс: күдіктілердің біріне іздеу жарияланды
Фото: ҚР ІІМ

Манғыстауда кәмелетке толмаған қыздың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыс жасады деп айыпталғандардың бірі тергеуден бой тасалап жүр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Lada.kz-ке сілтеме жасап.

Белгілі болғандай, оған іздеу жарияланған.

Жәбірленуші тараптың өкілі Ажар Қартбайдың айтуынша, қалған айыпталушыларға қатысты сот процесі басталып та кеткен. Ал 43 жастағы айыпталушы әлі сот алдына келген жоқ, қазір оған іздеу салынып, қайда жүргені анықталып жатыр.

Бұған дейін Маңғыстау облысында кәмелетке толмаған қызға қатысты бірқатар ауыр қылмыс жасады деп айыпталған бір топ адамның сотқа тартылатыны хабарланған еді. Тергеу нұсқасы бойынша, 2025 жылдың қазан-желтоқсан айлары аралығында 16 жастағы бойжеткен бірнеше адам тарапынан жүйелі түрде зорлық-зомбылыққа ұшыраған. Сондай-ақ тергеушілер айыпталушылар жасөспірімді тыйым салынған заттарды тұтынуға да тартқан деп санайды.

Іс бойынша айыпталып жатқандар арасында үш ер адам және жәбірленушінің кәмелетке толмаған таныс қызы бар. Оған бойжеткенді заңсыз әрекеттерге тартып, болған жайтты жасырып қалды деген айып тағылған.

Жәбірленуші тараптың өкілі Маңғыстау облысының тергеу органдары мен прокуратурасы ауқымды жұмыс атқарғанын атап өтті: дәлелдемелер базасы жиналып, қажетті сараптамалар жүргізілген соң, іс материалдары сотқа жолданған. Кәмелетке толмаған қыздың құқықтары мен жеке өмірін қорғау мақсатында сот отырыстары жабық режимде өтеді.