Павлодардағы банкте алаяқтарға алданған зейнеткерлер солардың нұсқауымен петарда жарып жіберген

Алаяқтар зейнеткерлерді тортқа салынған петарданы тұтатуға көндірген

Павлодардағы банкте алаяқтарға алданған зейнеткерлер солардың нұсқауымен петарда жарып жіберген
Фото: Павлодар облыстық ПД

Павлодарда алаяқтарға алданған зейнеткерлер банк бөлімшесінде петарда жарды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Павлодар облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Оқиға 15 шілдеде болған. Сағат 16:00 шамасында полицияға Павлодардағы банк бөлімшелерінің бірінде пиротехникалық бұйым жарылғаны туралы хабар түскен. Оқиға салдарынан екі қарт адам жеңіл жарақат алды.

Анықталғандай, зейнеткерлер телефон алаяқтарының құрбаны болған. Бұған дейін олар жалған инвестициялық жобаларға ақша салып, қаскөйлердің әрекетінен зардап шеккен. Аталған дерек бойынша полиция тергеу жүргізіп жатыр. Дропперлер жауапкершілікке тартылды, сондай-ақ сот арқылы ақшаны қайтару шаралары қабылдануда.

«Соған қарамастан, алаяқтар жәбірленушілермен қайта байланысқа шыққан. Бұрын салған ақшаларын қайтарып береміз деген сылтаумен психологиялық қысым жасап, зейнеткерлерді торт пен петарда сатып алуға көндірген. Алаяқтардың нұсқауын орындаған зейнеткерлер торттың ішіне салынған петарданы тұтатқан», – деп мәлімдеді полиция.

Аталған дерек бойынша бірнеше қылмыстық іс қозғалды. Полиция күдіктілерді ұстау шараларын жүргізіп жатыр.

Ішкі істер министрлігі ескертеді: адам бір рет алаяқтардың құрбаны болса, қайта алданып қалу қаупі едәуір артады. Қаскөйлер жәбірленушілермен қайта байланысып, ұрланған ақшаны қайтаруға, өтемақы немесе дивиденд төлеуге уәде береді, сондай-ақ ірі ұтысқа ие болғанын хабарлауы мүмкін. Мұндай ұсыныстардың барлығы – алаяқтық схеманың жалғасы.

Қазақстандықтарды бұл алаяқтық тәсілдер туралы ата-аналарына, егде жастағы туыстарына, жақындары мен таныстарына айтып, ескертуге шақырды. Өйткені аға буын өкілдері алаяқтардың психологиялық ықпалына жиі түседі.