Суррогат ананың жағдайын 70 күн жасау керек: Қазақстанда балалы болғысы келетін ерлі-зайыптыларға жаңа талап енді
Сондай-ақ шетелдіктер Қазақстаннан тапсырыс бере алмайды
Қазақстанда суррогат ана қызметіне жүгінетіндерге жаңа талаптар қойылып, олардың бала көтерген әйелдің денсаулығына деген жауапкершілігі бұрынғыдан да күшейтілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодекске өзгеріс еніп, оған президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды.
Заң бойынша суррогат ана қызметіне ресми некеде тұратын Қазақстан Республикасының азаматтары ғана тапсырыс бере алады. Шетелдіктер немесе некеде тұрмаған тұлғаларға шектеу қойылды.
Жаңа ережелер аясында суррогат анамен шарт жасасатын ерлі-зайыптыларға заң жүзінде мынадай міндеттер жүктеледі:
- Медициналық тексеру шығындарын өтеу: суррогат ананың жүктілікке дейінгі және жүктілік кезіндегі барлық қажетті медициналық тексерулерден өту шығындарын тапсырыс берушілер толық өтейді.
- Репродуктивтік технологиялар құнын төлеу: қосалқы репродуктивтік әдістер мен технологияларды қолдануға жұмсалатын барлық қаржылық шығындарды ерлі-зайыптылар өз мойнына алады.
- Өз денсаулығы туралы мәлімет беру: тапсырыс беруші ерлі-зайыптылар емдеу мекемелеріне өздерінің дене және психикалық денсаулығы туралы ресми медициналық қорытындыны, сондай-ақ міндетті түрде медициналық-генетикалық тексеру нәтижелерін ұсынуы тиіс.
- Босанғаннан кейінгі күтімді қаржыландыру: суррогат ананың жүктілік, босану және босанғаннан кейінгі 56 күн ішіндегі барлық медициналық қызмет көрсету шығындары өтеледі.
Егер жүктілік немесе босану кезінде қандай да бір медициналық асқынулар туындаса, бұл шығындарды өтеу мерзімі босанғаннан кейінгі 70 күнге дейін ұзарды.