Тараздағы перзентханада бес баланың анасы көз жұмды: туыстары тергеу жүргізуді талап етті

Марқұмның жақындары оның өліміне қатысты істің жан-жақты әрі әділ тергелуін сұрап отыр

Тараздағы перзентханада бес баланың анасы көз жұмды: туыстары тергеу жүргізуді талап етті
Фото: © istockphoto.com

Жамбыл облысының тұрғыны Тараздағы облыстық перинаталдық орталықта босанғаннан кейін көз жұмды. Марқұмның туыстары қайғылы жағдайға аурухана ішіндегі инфекция себеп болуы мүмкін деп есептеп, дәрігерлердің әрекетін жан-жақты тексеруді талап етіп отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Тұрар Рысқұлов ауданында тұрған 37 жастағы Ұлбосын Қарасаева бесінші сәбиін дүниеге әкелу үшін Жамбыл облыстық перинаталдық орталығына түскен. Әйел дені сау ұл баланы босанған. Алайда босанғаннан кейін екі күн өткен соң оның жағдайы күрт нашарлап, қызуы көтерілген. Кейін оған бірнеше рет ота жасалған.

Марқұмның жұбайы Елдос Есеевтің айтуынша, әйел өмірінің соңғы 12 күнін комада өткізген.

«Соңғы 12 күн бойы комада жатты, есін жимады. Жатырын алып тастады, кейін көкбауырын кесті. Одан соң асқазанына ота жасады. Жалпы бес операция болды, кеше алтыншы рет тамағын тіліп, аппаратқа қосты. Бізден ешкім ештеңе сұраған жоқ. Бәрін үнсіз істей берді», – деді марқұмның жұбайы.

Туыстарының айтуынша, дәрігерлер әйелге міндетті түрде кесарь тілігін жасауды талап еткен. Сондай-ақ олардың сөзінше, операция жасау үшін отбасынан 30 мың теңге сұралған.

«Одан 30 мың теңге талап етіп, ақшаны бермейінше операция жасамаған. Ол бізге телефон шалып, жылап, осыны айтты. Қолында қолма-қол ақшасы болған, соны берді. Біз оған осы ауруханада инфекция жұқтырған деп есептейміз. Ал қазір дәрігерлер қағанақ суы лай болған дейді. Бірақ егер қағанақ суы расымен лай болса, сәби тірі қалмас еді», – деді марқұмның туысы Дина Есеева.

Облыстық перинаталдық орталықта дәрігерлер дәрігерлік құпияны алға тартып, әйелдің өлімінің нақты себебін жариялаған жоқ. Сонымен бірге медициналық мекеме босану асқынумен өткенін және науқасқа қажетті медициналық көмектің толық көрсетілгенін мәлімдеді.

Жамбыл облысының денсаулық сақтау басқармасы оқиғаның мән-жайын құзырлы органдар тексеретінін мәлімдеді.

«Аталған дерек бойынша Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті тексеру жүргізеді. Сонымен қатар Жамбыл облысы әкімдігі денсаулық сақтау басқармасы қызметтік тексеру жүргізу үшін жұмыс тобын құрады. Ана өлімінің нақты себебі сот-медициналық сараптама нәтижелері алынғаннан кейін белгілі болады», – деді Жамбыл облысы әкімдігі денсаулық сақтау басқармасы бөлімінің басшысы Айжан Терлікбаева.

Марқұмның туыстары істің толық әрі әділ тергелуін және заң бұзушылықтар расталған жағдайда кінәлілердің жауапқа тартылуын талап ететіндерін айтты.

Телеарнаның мәліметінше, бұл – жыл басынан бері Жамбыл облыстық перинаталдық орталығында тіркелген босанған әйелдің екінші өлімі. Қаңтар айында мұнда 30 жастағы Салтанат Нышанбай көз жұмған болатын. Ол оқиғаға қатысты тергеу қорытындысы әзірге жарияланған жоқ.ф