Алматыда қолына қанға боялған пышақ ұстаған ер адам тұрғындарды шошытты

Оқиға орнында полиция қызметкерлері ер адамды ұстап, оның алған жарақатының мән-жайын анықтап жатыр

Алматыда қолына қанға боялған пышақ ұстаған ер адам тұрғындарды шошытты
Фото: © istockphoto.com

Алматыда қанға боялған ер адам Алатау ауданының тұрғындарын шошытты, хабарлайды Azattyq Rýhy қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Полицияның жедел басқару орталығына таңға жуық хабарлама түскен. Өтіп бара жатқан тұрғындар Алатау ауданындағы «Шаңырақ-2» шағынауданында қанға боялған ер адамның жүргенін хабарлаған. Оның бір қолында пышақ, екінші қолында кірпіш болған.

Полицияның мәліметінше, ер адам ауыр жарақат алып, көп қан жоғалтқан. Дәрігерлер келгенге дейін полиция қызметкерлері оған алғашқы медициналық көмек көрсетіп, қан кетуді тоқтатқан. Кейін зардап шегуші жедел жәрдем бригадасына тапсырылып, ауруханаға жеткізілді.

Алдын ала мәлімет бойынша, ер адам мас күйде болған. Оның айтуынша, туған күнін атап өту кезінде болған дастарқан басындағы жанжал төбелеске ұласқан.

Қазіргі уақытта Алатау аудандық полициясының қызметкерлері оқиғаның барлық мән-жайын және жанжалға қатысқан адамдарды анықтап жатыр. Тексеру нәтижесі бойынша олардың әрекетіне құқықтық баға беріледі.