Павлодарда жемқорлардан қайтарылған ақшаға әуежай жаңартылып жатыр
Жобаның құны 9 миллиард теңгеден асады
Павлодар әуежайындағы ұшу-қону жолағын жөндеу жұмысы қызу жүріп жатыр. Жобаға жұмсалып жатқан 9 миллиард теңгеден астам қаражат мемлекетке заңсыз иемденілген активтерді қайтару арқылы жиналған арнайы қордан бөлінген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бас прокурордың тапсырмасымен Бас көлік прокуроры құрылыс басына арнайы барып, жұмыстың барысын өз көзімен көріп қайтты. Құрылыс жұмысы бекітілген кестеден кешікпей, уақытында жүріп жатыр. Реконструкцияны осы жылдың қыркүйек айында толық аяқтау жоспарланған.
Реконструкциядан кейін әуежайдың өткізу қабілеті сағатына 200-ден 300 жолаушыға дейін артып, қызмет көрсету сапасы мен жолаушыларға арналған жайлылық деңгейі артады. Инфрақұрылымның жаңаруы Павлодар облысының көліктік қолжетімділігін арттырып, өңірдің еліміздің басқа қалаларымен байланысын жақсартады.
Прокуратура құрылысқа жауапты мердігерлер мен техникалық бақылау мамандарына жұмысты сапалы істеуді, экология заңдарын сақтауды және мемлекеттің ақшасын оңды-солды шашпай, тиімді жұмсауды қатаң ескертті.