«Тағы бір ұлттық телеарна ашайын деп отырған жоқпыз»: Euronews басшылығы қазақ тілді контентке қатысты жоспарын айтты
Өңірлерде филиалдар ашылмайды
Бүгін Орталық коммуникациялар қызметі алаңында баспасөз мәслихатын өткізген халықаралық Euronews телеарнасының өкілдері қазақ тілінде хабар тарату мен отандық мамандарды жұмысқа тартуға қатысты жоспарын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жаһандық ақпарат алыбы Қазақстанда кезекті ұлттық телеарна ашуды көздеп отырған жоқ. Euronews директорлар кеңесінің төрағасы Педро Варгас Давидтің айтуынша, жобаның басты миссиясы – жаһандағы оқиғаларды қазақ тілді көрерменге тікелей жеткізу болып отыр.
«Біздің мақсатымыз - Қазақстанда тағы бір ұлттық телеарна ашу немесе өңірлерде филиалдар құру емес. Біз әлемде болып жатқан халықаралық жаңалықтарды қазақ тілінде ұсынғымыз келеді. Сонымен қатар Қазақстанды әлемге танытуды көздейміз. Euronews хабар тарататын 20 тілдегі платформа арқылы Қазақстан туралы ақпаратты халықаралық аудиторияға жеткіземіз», - деді Педро Варгас Давид.
Сондай-ақ, телеарна жетекшісі архивтік материалдардың толықтай аударылмайтынын нақтылады. Контент негізінен қазақ тілінде жаңадан дайындалып, ең өзекті тақырыптар ғана ұсынылады. Ал архивке тек аса қажетті жағдайларда ғана жүгіну жоспарланған.
Арнаның Астана бюросының жетекшісі Боян Бркич Euronews командасына отандық жас кадрлар тартылғанын хабарлады.
«Осы жоба аясында командамызға үш жас маман қосылды. Олар бағдарламаларды қазақ тіліне бейімдеу жұмыстарымен айналысады. Жастар қазақ тілін жетік меңгерген. Олар Maqsut Narikbayev University жанындағы Халықаралық журналистика мектебінің түлектері», - деді Боян Бркич.
Бюро жетекшісі аталған жоғары оқу орнымен Euronews Academy аясында тығыз ынтымақтастық орнатылғанын атап өтті. Осы уақытқа дейін Астанада бірнеше оқыту бағдарламасы ұйымдастырылып, әлемнің түрлі елінен келген Euronews сарапшылары қазақстандық журналистер мен студенттерге заманауи халықаралық журналистиканың қыр-сырын үйреткен.