Павлодар облысында мұғалім жарыс кезінде қайтыс болды
25 жастағы тарих пәнінің мұғалімі Ильдар Вахитов спортпен айналысып, волейбол командасына жетекшілік еткен

Қайғылы оқиға Павлодар облысы Аққулы ауданы Майқарағай ауылында жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін волейбол жарысы кезінде орын алған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«25 жастағы Ильдар ойынға қатысты, бірақ біраз уақыттан кейін өзін жайсыз сезіне бастады. Қан қысымы көтеріліп кеткендіктен, ол қосалқы ойыншылар қатарына қосылды», – деді сайтына Жамбыл ауылы мектебінің директоры Қанат Сұлтанғазин.
Ильдар Вахитов өзін жайсыз сезінгеннен кейін, жарыстағы медқызметкерлер алғашқы көмек көрсеткенімен, оның халі нашарлай түскен. Педагог жұмыс істеген мектеп директоры оны ауылдан 100 шақырым қашықта орналасқан аудандық ауруханаға жеткізбек болғандарын айтады.
«Бірақ өкінішке қарай, Ильдар медициналық мекемеге жетпей, жолда көз жұмды. Оның өлімі бәрімізге қатты соққы болды. Ол өте ақкөңіл, үлкен-кішіден жақсылығын аямайтын жақсы жігіт еді», – дейді Қ. Сұлтанғазин.
Ильдар Вахитов былтыр Павлодарда медициналық тексеруден өтіпті, сонда бүйрегінің ауыратынын анықтаған. Шұғыл ота қажет бола қоймаса да, қан қысымының жиі көтеріліп кететінін айтып, денсаулығына шағымданып жүрген екен.
Марқұмның артында жұбайы мен бір жасар ұлы қалды.