Алматы тұрғыны шетелде көзінің түсін ауыстырамын деп зағип болып қалған

Ол отандық дәрігерлерге қайтадан жүгінді 

Алматы тұрғыны шетелде көзінің түсін ауыстырамын деп зағип болып қалған
Фото: Freepik

Алматылық офтальмологтар көзінің түсін өзгертпек болып шетелде операция жасатып, соқыр болып қалған әйелге көмектесті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.  

Қала тұрғыны шетелдік клиникалардың бірінде ота жасатқан соң, көз ауруына тап болған. Ол асқынып, әйелдің бір көзі толық көрмей қалған, екінші көзімен тек жарықты ажырата алатын жағдайға түскен. Осыған байланысты пациентке І топтағы мүгедектік белгіленді. Әйел Алматыдағы клиникаға жүгінеді. Дәрігерлер оның жарықты сезетін көзіне операция жасап, аман алып қалды.

«Гүлзат Әбдірайымованың күрделі операцияларды жасайтынын естіген соң, дәл осы дәрігерге жүгінуді жөн көрдім. Маған қайтадан жарық дүниені көруге мүмкіндік берген кәсіби біліктілігі үшін дәрігерлерімізге зор алғысымды білдіремін», – деді пациент.

Дәрігерлердің айтуынша, көзішілік қысымның тым жоғары болуы операция кезінде экспульсивті қан кету және көру мүмкіндігінен біржола айырылу қаупін тудырған. Мамандар көзді сақтап қалу үшін екі сағатқа созылған аралас ота жүргізіп, мөлдір қабықты ауыстырған. Қазір әйел бұрынғыдай көре алады.

Мөлдір қабықты трансплантаттау - офтальмологиядағы ең күрделі операциялардың бірі. Алматы қалалық орталық клиникалық ауруханасында мөлдір қабықты трансплантаттау операциялары донорлық бағдарлама аясында жүзеге асырылады. Жыл басынан бері аурухана мамандары осындай 12 жоғары технологиялық ота орындаған.