Шымкентте қоймадағы ірі өрттен екі адам зардап шекті
Өртті сөндіру кезінде екі азамат түрлі дәрежедегі жарақат алып, оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр
Шымкентте құтқарушылар жеке қоймалар аумағында шыққан ірі өртті толық сөндірді. Оқиға салдарынан екі адам күйік алып, ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Төтенше жағдайлар министрлігінің Telegram-арнасына сілтеме жасап.
Өрт 25 маусым күні Шымкент қаласының Еңбекші ауданындағы Исфиджаб тұрғын алабында орналасқан жеке қоймалар аумағында болған.
Тілсіз жау қоймалардың шатырын, жүк көлігінен төгілген дизель отынын және нысан аумағында сақталған резеңке бұйымдарды шарпыған. Өрт ошағына жақын жерде дизель отыны құйылған жүк көлігі тұрған.
Оқиға салдарынан екі адам күйік шалып, екеуі де ауруханаға жатқызылды.
Өртті сөндіруге Төтенше жағдайлар министрлігінің 56 қызметкері мен 30 техникасы жұмылдырылды. Сонымен қатар оқиға орнында Апаттар медицинасы орталығының мамандары жұмыс істеді.
«Өрт шыққан жердің дәл маңында дизель отыны құйылған жүк көлігі тұрған. Өрт сөндірушілердің жедел әрекетінің арқасында жалынның әрі қарай таралуына жол берілмей, өрт толықтай сөндірілді», – деп мәлімдеді Төтенше жағдайлар министрлігі.
Қазіргі уақытта өрттің шығу себебі мен барлық мән-жайын мамандар анықтап жатыр.
Төтенше жағдайлар министрлігі өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтау осындай оқиғалардың алдын алып, адам өмірі мен мүлкін қорғауға мүмкіндік беретінін еске салды.