Инстаграмдағы видеосы үшін: танымал блогер Алексей Лодочниковтың үстінен полицияға арыз түсті

Арызды Семей қаласының тұрғыны жазған

Инстаграмдағы видеосы үшін: танымал блогер Алексей Лодочниковтың үстінен полицияға арыз түсті
Фото: https://www.instagram.com/p/DZ-fq2_OU3_/

Семей қаласының Людмила есімді тұрғыны блогердің үстінен шағым түсіргенін Алексей Лодочниковтың өзі мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Блогердің айтуынша, оған көмекшісі хабарласып, Семейдегі полиция инспекторынан шағым түскені туралы хабарлама келгенін айтқан. Тиісті құжаттарды алдырған соң, Лодочников арыздың мән-жайымен танысқан.

Анықталғандай, шағымды Семей тұрғыны Людмила есімді әйел жазған. Оған блогердің желіде жариялаған видеосы себеп болыпты. Ол роликте орыстілді әйелдің қазақ сатушыдан тек орысша сөйлеуді талап еткен оқиғасы сөз болады. Арызданушы бұл видеоны «орыс ұлтын қорлайды және онда қоқан-лоқы бар» деп есептеген. Сондай-ақ, ол бұған дейін блогерден бұл жазбаны өшіруді сұрағанын, бірақ оның орындалмағанын алға тартқан.

Алайда блогер Инстаграмдағы жеке хаттарын тексеріп, бұл әйелден ешқандай хабарлама таппағанын айтты. Ал видеоның астында 3 мыңға жуық пікір жазылғандықтан, оны байқамай қалуы мүмкін екенін жеткізді.

Сонымен қатар, Лодочников учаскелік полиция инспекторымен де сөйлескенін тілге тиек етті. Тәртіп сақшысының сөзінше, видеодан ешқандай заң бұзушылық белгілері табылмаған, бірақ ресми түскен арыз заң талаптарына сай міндетті түрде қаралуы тиіс. Блогер құқық қорғау органдарымен бірлесіп жұмыс істеуге дайын екенін және видеоны желіден өшірмейтінін мәлімдеді.

Бұған қоса, Лодочников өз оқырмандарына үндеу жасап, арыз жазған әйелді балағаттамауды, керісінше пікірде оған «жылы сөз айтып, мақтауды» сұрады.

«Егер әркім тек өзіне қарап, өз дамуымен айналысса, жаңа нәрсе үйреніп, күш-жігерін пайдалы іске жұмсаса, өмір әлдеқайда жеңіл әрі тыныш болар еді деп ойлаймын. Дамыңыздар. Ізденіңіздер. Әлем тек осылай  жақсара түседі», - деп жазды блогер өз парақшасында.