СҚО-да қарт әкесін асқан қатігездікпен сабаған 22 жастағы жігіт небәрі 5 күнге қамалған (ВИДЕО)
Жас жігіт ішкі істер органдарының арнайы есебіне қойылды
Солтүстік Қазақстан облысында 22 жастағы жігіт өз әкесін аямай соққының астына алып, қатігез әрекетін камераға түсірген. Оның видеосы әлеуметті желіде тарап, қоғамның ашу-ызасын тудырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Тәртіп сақшылары жедел іздестіру шараларын жүргізіп, күдіктіні анықтады. Ол Бірлік ауылының тұрғыны болып шықты. Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері соққыға жығу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады.
Бұзақылық жасап, балағат сөздер айтқаны үшін сот шешімімен 5 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Күдікті ішкі істер органдарының арнайы есебіне қойылды. Оған қатысты ресми қорғау нұсқамасы шығарылды. Егер ол бұл талаптарды бұзатын болса, тағы 10 тәулікке қамауға алынады.
Өңірлік ПД отбасылық-тұрмыстық қарым-қатынастар кезінде заң бұзушылықтарға жол берілмейтінін қатаң ескертеді.
«Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық және туыстарға қатысты кез келген құқыққа қарсы әрекеттер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қатаң жауапкершілікке әкеп соғады. Егер сіз осындай фактілерге куә болсаңыз, дереу «102» арнасы арқылы полицияға хабарлауыңыз қажет», - делінген ведомство таратқан мәлімдемеде.
Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасуда.