Шымкентте кәмелетке толмаған қызды алып қашқандар ақыры сотталып кетті

Сотталушылар тағылған кінәні мойындамады 

Шымкентте кәмелетке толмаған қызды алып қашқандар ақыры сотталып кетті
Фотоколлаж: Әбілқасым Есентаев/Azattyq Ruhy

Шымкент соты өткен жылдың қараша айындағы қыз алып қашу оқиғасына қатысты резонансты іске үкім шығарды. Айыпталған үш жігіттің әрқайсысы 3 жылға сотталды, төртінші күдікті әлі ұсталмаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Сот барысында анықталғандай, қыз бен жігіт бір-бірін таныған, кездесіп жүрген. Бірақ кәмелетке толмаған қыз некеге тұруға келісім бермеген. Судья үкім шығару кезінде осы жайтқа ерекше назар аударды. Сотталғандардың туыстары шығарылған үкіммен келіспейтіндерін айтып отыр.

Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының мәліметінше, сотталушыларға ҚР Қылмыстық кодексінің 125-1-бабы 2-бөлігінің 1), 2), 4) тармақтары (алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы болып, күш қолдану арқылы көрнеу кәмелетке толмаған адамды некеге тұруға мәжбүрлеу) бойынша айып тағылған.

Тергеу мәліметтеріне сәйкес, сотталушылар тағы бір сыбайласымен өзара келісіп, Шымкент қаласындағы Ташкент тас жолының бойында орналасқан жанармай бекетінің маңында кәмелетке толмаған А. есімді бойжеткенді көлікке күштеп отырғызып алып кеткен. Сондай-ақ олар жәбірленушіні Түркістан облысына қарасты Сарыағаш ауданындағы Дербісек ауылындағы үйге апарып, күш қолдану арқылы некеге тұруға мәжбүрлеген.

«Сотталушылардың кінәсі өздерінің және куәгерлердің жауаптарымен, сот сараптамалары мен мамандардың қорытындыларымен, заттай дәлелдемелермен және іс бойынша жинақталған басқа да материалдармен толық дәлелденді», - делінген сот хабарламасында.

Сот процесі барысында мемлекеттік айыптаушы әр сотталушыға 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын кесуді сұрады. Жәбірленуші тарап айыпталушыларды бас бостандығынан айыру жазасына кесуді талап етті. Сотталушылар тағылған кінәні мойындамай, өздерін ақтауды сұрады. Жаза тағайындау кезінде сот бір сотталушының жас балаларының болуын қылмыстық жауаптылықты жеңілдететін мән-жай деп таныды, оның әрекетінде ауырлататын жағдайлар анықталған жоқ. Ал қалған екі сотталушының жауапкершілігін жеңілдететін немесе ауырлататын мән-жайлар тіркелмеді.

Сот үш сотталушыны да тағылған айып бойынша кінәлі деп танып, әрқайсысына 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын кесті.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.