Медицина мамандары тарапынан барлық қажетті реанимациялық және емдік іс-шаралар кешені толық көлемде жүргізілген
Денсаулық сақтау министрлігі Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығымен бірлесіп, Ұлттық ұланның бұрынғы әскери қызметшісі Ербаян Мұхтардың қайтыс болуына байланысты оның отбасы мен жақындарына көңіл айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Дәрігерлер үш жылға жуық уақыт бойы науқастың өмірін сақтап қалу үшін күресті. Алайда алған аса ауыр жарақаттарының салдарынан бас миында қайтымсыз өзгерістер болып, науқастың өмірін сақтап қалу мүмкін болған жоқ. Науқас Мұхтар Ербаян Хамитұлы 2023 жылдан бері мерзімді әскери қызметін өтеу кезінде алған ауыр бас-ми жарақатының салдарынан аса ауыр жағдайда болды. Ұзақ уақыт бойы тұрақты вегетативтік күй сақталды. Респираторлық қолдауды қоса алғанда, қарқынды терапия жүргізілгеніне қарамастан, өмірлік маңызды көрсеткіштердің біртіндеп нашарлағаны байқалды. Атап айтқанда, қандағы оттегі сатурациясының төмендеуі, жүрек ырғағының бұзылуы және гемодинамиканың тұрақсыздығы тіркелді. Науқас аса ауыр жағдайда болды», - деп түсіндірді министрлік.
Медицина мамандары тарапынан барлық қажетті реанимациялық және емдік іс-шаралар кешені толық көлемде жүргізілген.
«Ішкі істер министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігінің бірлескен ұйымдастыруымен науқас ем алу үшін Түркия Республикасына жіберіліп, онда бастапқы диагноз расталды. 2026 жылдың маусым айында негізгі ауыр сырқаттың аясында инфекциялық асқынулар, сепсис және көп ағзалық жеткіліксіздік синдромы дамыды. 2026 жылғы 23 маусымда сағат 21:40-та науқастың биологиялық өлімі тіркелді. Өлімнің тікелей себебі ауыр бас-ми жарақатының салдары мен оған қосылған асқынулар аясында дамыған көп ағзалық жеткіліксіздік синдромы болды», - делінген хабарламада.
Денсаулық сақтау министрлігі Ербаян Мұхтардың ең заманауи медициналық жабдықтармен жабдықталған палатада ем қабылдағанын, оған заманауи дәрілік терапия жүргізіліп, ерекше күтім жағдайлары қамтамасыз етілгенін атап өтті.
«Медициналық персонал емдеу мен күтімнің барлық қажетті көлемін қамтамасыз етті. Сондай-ақ науқастың туыстарының жансақтау бөлімшесіне кіруіне мүмкіндік беріліп, сапалы медициналық көмек көрсету үшін барлық қажетті жағдай жасалды», - делінген министрліктің мәлімдемесінде.
Айта кетейік, осыған дейін әскерде ауыр жарақат алған Ербаян Мұхтардың қайтыс болғаны хабарланған.