Алматыдағы жойқын жол апаты: жүк көлігі аударылып, екі жүргізуші ауруханаға түсті

Kia Bongo мен Mercedes-Benz көліктері соқтығысқаннан кейін жүк көлігі аударылып, екі жүргізуші жарақат алған

Алматыдағы жойқын жол апаты: жүк көлігі аударылып, екі жүргізуші ауруханаға түсті
Фото: © istockphoto.com

Алматыда Kia Bongo маркалы шағын жүк көлігі мен Mercedes-Benz автокөлігінің соқтығысуы салдарынан екі адам зардап шекті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жол-көлік оқиғасы Харьковская және Лермонтов көшелерінің қиылысында болған.

Алдын ала мәлімет бойынша, Mercedes көлігі Лермонтов көшесімен келе жатып, қиылысқа шыққан кезде жол белгісінің талабын елемей, Харьковская көшесімен келе жатқан Kia Bongo жүк көлігіне жол бермеген.

Соққыдан кейін жүк көлігі бір қырына аударылып, жеңіл автокөлікті жанап өткен. Ал Mercedes жол жиегінен шығып кетіп, жеке тұрғын үй қоршауының жанындағы үйіндіге барып тоқтаған.

Апат салдарынан екі жүргізуші де жарақат алды. Оларға қажетті медициналық көмек көрсету үшін ауруханаға жеткізілді.

Оқиғаның мән-жайы мен себептерін жол полициясының қызметкерлері анықтап жатыр.