Қарақат Әбілдина күйеуі Қыдырәлі Болмановтай ерлердің көп болуын тіледі: ол жарына арнап ән шығарды
Ол ер азаматтың қадірі ешқашан кемімеуі керек деп санайды
Әнші Қарақат Әбілдина әлеуметтік желідегі парақшасында жары, продюсер Қыдырәлі Болмановқа арналған махаббат пен сыйластыққа толы жазба жариялады. Өнер иесі әкелер күнінде жолдасына арнап ән айтып, оны нағыз ер азаматтың үлгісі ретінде сипаттады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Әнші Қыдырәлі Болмановтай ерлердің көп болуын тіледі.
«Соңғы уақытта көп нәрсе өзгерді. Заман өзгерді, көзқарас өзгерді, құндылықтар өзгерді. Бірақ өзгермеуі тиіс бір нәрсе бар болса, ол - ер азаматтың қадірі. Қазақ «Ер құласа, тау құлайды» деп бекер айтпаған. Өйткені ер адам - бір отбасының ғана емес, тұтас әулеттің, бүтін бір елдің тірегі. Жоқшылық пен тоқшылықтың арасында, қиындық пен қуаныштың арасында, сынақ пен сабырдың арасында жігіттің кім екені көрінеді. Еркек жанына батса да сырын сыртқа шығара бермейді. Қандай ауыртпалық келсе де отбасы үшін күреседі. Кейде оның үнсіз көтеріп жүрген жүгі көзге көрінбейді», - дейді ол.
Сонымен қатар өнер иесі өткен күннің әкелерін үлгі ете отырып, олардың балаларды қалай тәрбиелегенін айтты.
«Біздің әкелеріміз қандай еді?! Көп сөйлемейтін. Бірақ ісімен үйрететін. Қас-қабағымен ұғындыратын. Отбасының амандығын бәрінен биік қоятын. Бізге адалдықтың, жауапкершіліктің, намыстың қандай болатынын көрсетіп кеткен де солар. Ал бүгін қасымызда жүрген сондай азаматтардың қадірін білуіміз керек деп ойлаймын. Өзімнің де ер азаматым осы әнді арнауға лайық жан. Отбасына ғана емес, Отанына адал қызмет етіп жүрген, ел мен ұрпақтың қамын ойлайтын азамат – Қыдырәлі Болман. Осындай ерлеріміз көп болса екен деп тілеймін», - деді ол.