Ақтөбедегі жанармай құю бекетіндегі өрт: зардап шеккен адамның жағдайы ауыр

Автогаз құю станциясының иесі уақытша ұстау изоляторына қамалды

Ақтөбедегі жанармай құю бекетіндегі өрт: зардап шеккен адамның жағдайы ауыр
Фото: © istockphoto.com

Ақтөбедегі жанармай құю бекетінде болған өрттің салдарына қатысты жаңа мәліметтер белгілі болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

2026 жылғы 19 маусымға қараған түні Ақтөбедегі жанармай құю бекетінде автокөлік өртеніп, салдарынан үш адам тірідей жанып кетті. Қаза тапқандардың арасында балалар да бар. Тағы бір адам түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілген болатын.

Қазір 54 жастағы ер адамның жағдайы ауыр, бірақ тұрақты күйде қалып отыр. Оның денесінің 45 пайызын күйік шалған.

Қалалық көпсалалы №1 аурухананың жансақтау бөлімінің меңгерушісі Галина Амированыӊ айтуынша, науқасқа мұндай жағдайларда қажет болатын қарқынды терапияның толық кешені жүргізіліп жатыр.

Аталған дерек бойынша «Жарылыс қаупі бар нысандардағы қауіпсіздік талаптарын бұзу» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Автогаз құю станциясының иесі уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері оқиғаның мән-жайы мен себептерін анықтап жатыр.