Ақтау жағалауында қайықты жалға берушілер Каспийді былғап жатыр: оқиғаның бейнежазбасы тарады

Құзырлы органдар тексеріс бастады

Ақтау жағалауында қайықты жалға берушілер Каспийді былғап жатыр: оқиғаның бейнежазбасы тарады
Фото: Lada.kz/Ольга Максимова

Желіде Ақтау қаласындағы туристік орында катамаран қызметкерінің теңізді ластап жатқан сәті түсірілген видео тарады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Lada.kz басылымының жазуынша, «Жартасты соқпақ» аймағында жолаушыларды серуендетіп жүретін кеме иелерінің қылығы тұрғындар мен куәгерлердің наразылығын тудырған.

Бейнежазбада кеме иесі немесе қызметкері палубаны химиялық жуғыш затпен жуып, көбікті теңізге ағызып жіберген. Оған қоса, қолындағы пластик бөтелкені де суға лақтырып жіберген. Ал бірнеше метр жерде адамдар шомылып жүрген.

Қала тұрғындарының айтуынша, жағалау аймағында қайықты жалға берушілер экологиялық нормаларды өрескел бұзып отыр. Қоғам белсенділері тұрғын үй аулаларында топырақты қорғау үшін көлік жууға тыйым салынғаны сияқты, теңіз ортасында қызмет көрсететін кәсіпкерлерге де бақылауды күшейтуді талап етті.

Уәкілетті органдардың мәлімдеуінше, бейнежазбада тіркелген құқық бұзушылық фактісі бойынша қолданыстағы заңнама аясында шара қолдану үшін компетентті құрылымдарға ресми хаттар жолданды.