Ақтөбедегі жанармай бекетіндегі қайғылы жағдай: күдікті ұсталды

Қайғылы оқиғадан кейін автогаз құю станциясының иесі ұсталды, тергеу басталды

Ақтөбедегі жанармай бекетіндегі қайғылы жағдай: күдікті ұсталды
Фото: © istockphoto.com

Ақтөбе облысында автогаз құю станциясының аумағында көліктің өртенуінен әйел мен екі кәмелетке толмаған бала қаза тапқан оқиғаға қатысты тергеу жүріп жатыр. Іс бойынша жанармай құю бекетінің иесі ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ақтөбе облысы полиция департаменті автогаз құю станциясы аумағында болған көлік өрті дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады. Қайғылы оқиға салдарынан әйел адам мен екі кәмелетке толмаған бала көз жұмды.

Құқық қорғау органдарының мәліметінше, тергеу Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 281-бабы – «Жарылыс қаупі бар объектілердегі қауіпсіздік талаптарын бұзу» бойынша жүргізіліп жатыр. Қылмыстық іс аясында автогаз құю станциясының иесі ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған.

«Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері оқиғаның барлық мән-жайы мен себептерін анықтауға бағытталған кешенді тергеу әрекеттерін жүргізіп жатыр», – деп мәлімдеді Ақтөбе облысы полиция департаменті.

Тергеушілер дәлелдемелерді жинауды жалғастырып, оқиғаның себептерін анықтау үшін қажетті сараптамаларды тағайындап жатыр. Бұл ретте нысандағы қауіпсіздік талаптарының сақталуына ерекше назар аударылуда.

Полициядағылардың айтуынша, тергеу департамент басшылығының ерекше бақылауында. Қайғылы оқиғаның нақты себептері барлық тергеу әрекеттері мен сараптама қорытындылары шыққаннан кейін белгілі болады.

Бұған дейін Ақтөбедегі жанармай құю бекетінде көліктің өртенуі салдарынан үш адамның қаза тапқаны хабарланған болатын.