«Камера деген мүлдем жоқ»: ұрылар Балқаштағы қонақ үйдің бөлмесінен қымбат телефонды үптеп кеткен

Полиция іс қозғады 

«Камера деген мүлдем жоқ»: ұрылар Балқаштағы қонақ үйдің бөлмесінен қымбат телефонды үптеп кеткен
Фото: Freepik

Балқаштағы қымбат қонақ үйдің бөлмесіне ұры түсіп, демалуға келген қонақтың телефонын үптеп кеткен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бұл туралы жәбірленушінің өзі әлеуметтік желіде жариялады. Ол қонақүй әкімшілігінің бейқамдығы мен қауіпсіздік шараларының сақталмағанына наразылық білдірді.

«Балқаштағы бөлмемізге ұры түсті. Кеше Балқаштың Голфстрим деп аталатын демалыс үйіне қонақтадық. Жағажайға кеткенде жолдасымның айфон телефонын жабық тұрған бөлмеден ұрлап кетті. Тәулігіне 90 мың теңге төлеген Голфстримде камера деген мүлдем жоқ. Бастықтары үшін бұндай жағдай қалыпты секілді. Міз бақпай, бізге бәрібір деп жүрді. Ақыры полиция шақырдық. Балқаштан криминалдық полиция келді», - деді ол.

Жәбірленуші құқық қорғау органдары қызметкерлерінің ісіне көңілі толмайтынын жеткізді. Оның айтуынша, Балқаш қаласынан келген криминалдық полиция өкілдері алғашында қылмыстық іс тіркеп, саусақ іздерін тексеретінін айтқанымен, кейіннен жауапкершіліктен қашқан.

«Олар қылмыстық іс тіркеп, қазір саусақ іздерін тексереміз деді. Бірақ қонақүй басшыларымен сөйлескен соң бұл жер біздің ауданға қарамайды екен, біз ары қарай мұнда іс жүргізе алмаймыз деп кетіп қалды. Ақтоғай ауданы мен Балқаштың криминалдық полициясы істі бір-біріне сілтеп, ешқандай жауапкершілік алмай отыр», - деп жазды ол.

Қонақ үй әкімшілігі болған оқиғаға байланысты түсініктеме берген.

«Біз полициямен толық ынтымақтстық жасап, мән-жайды анықтау үшін барлық қажетті материалды ұсынып отырмыз. Тергеу аяқталып, ресми қорытынды шыққанға дейін бұл жағдайға қатысты пікір білдіруден бас тартамыз», - деп түсініктеме берді қонақүй әкімшілігі.

Мақалада
#ұрлық #қонақ үй